COVID-19: Тәжікстан ауруханаларында науқастарды емдеуге орын жетпей жатыр

Тәжікстандағы медициналық мекемелердің басшылары коронавирустың жаңа түрі белгілерімен түсіп жатқан науқастардың санында есеп жоқ дейді. Орын шектеулі болғандықтан, тек ауыр науқастарға ғана көмек көрсетіп жатқанын жасырмайды.

Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанда барлығы 5 мың 284 орындық 30 медициналық мекеме бар.

Мұнан бөлек 3 мың орындық уақытша аурухана салып жатыр.

Елдің денсаулық сақтау министрі Мирхамуддин Камолзоданың айтуынша, қазір тек коронавирус анықталған адамдар ғана ауруханаға жатқызылып жатыр.

«Егер дене қызуы 36,7 градустан жоғары болса, бірден ауруханаға жатқызу деген сөз емес. 2-3 күн бақылау керек. Егер дене қызуы 38-ден төмен болса, жөтелмесе, ентікпесе, онда олар үйінде емделуге болады», — дейді Камолзода.

Карим Ахмадов атындағы Денсаулық орталығының бас дәрігері Фаррух Махмадзода қазір жаңа науқастарды қабылдамай жатқанын айтады. Оның сөзінше, соңғы үш тәулікте 109 науқас түскен. Бәрі 300 науқас емделіп жатыр.

Журналист Шахноз Комилзода 13 мамырда Фейсбук арқылы туысының COVID-19 вирусынан қайтыс болғанын жазды. Айтуынша, ауруханада жасанды тыныс алу аппараты болмағандықтан, ауа жетпей қайтыс болған.

Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанда 800-ден астам адамнан COVID-19 вирусы анықталған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары Тәжікстанда вирус таралуының шарықтау шегіне әлі жетпеді деп отыр. Тәжік билігі 3-4 ай көлемінде карантинді қатайтып, шара қолдауы тиіс дейді. Бірақ тәжік үкіметі елге карантин енгізу экономикаға ауыр тиеді деп бас тартып отыр.

 

Орта Азия жаңалықтар қызметі.