Атаулы ақпарат – түсіндіру жұмыстары

Дін бүгінгі күндегі қоғамдық өмірде маңызды рөлге ие және бұл факт заманауи әлемнің құбылмалы жағдайында өзекті бола түсуде. Елімізде діни сауаттың төмендігінен, әсіресе, жұмыссыз жастар, әлеуметтік тұрмысы төмен топтардың өкілдері, ауыл тұрғындары, шағын мешіттерге келушілер, дәстүрлі емес дін өкілдерінің тұрғылықты жері, жұмыс орны бойынша қоршаған әлеуметтік ортасының ықпалынан түрлі діни ағымдардың қатарын толықтырып отыр.  Сондықтан да азаматтардың діни сауатын көтеру деструктивті идеялардың таралуының алдын алуда және оған жол бермеудегі басым бағыттардың бірі.

Осыған орай, елімізде дін саласын реттеу жұмыстары бүгінгі таңда Конституцияда бекітілген зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады. Сәйкесінше, біздің елімізде адамдардың дінге қатысты қажеттіліктерін еркін өтеулері үшін барлық жағдайлар жасалған. Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатынды жүйелі түрде жұмыстар атқарылып келеді. Оның ішінде ақпараттық түсіндіру топтарының (әрі қарай — АТТ) жұмысы– мемлекеттік саясаттың түрлі аспектілері бойынша қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында билік органдарының халықпен жұмыс жүргізу формасы ретінде ерекше рөл атқарып отыр. АТТ қызметі ішкі саясат, діни ахуалды бақылау және діни бірлестіктермен қарым-қатынас мәселелері енетін биліктің жергілікті атқарушы органдарымен тікелей өзара әрекеттесу арқылы жүзеге асырылады. Аталған  аспект қалың көпшілікке елдегі діни қызмет саласындағы заңнамалардың жұмыс істеу тетіктерін түсіндіруге, оларға діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі ережелерін жеткізуге мүмкіндік береді. Қызметтің осы түрі мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіруді және діни бірлестіктер мен ағымдар туралы ақпараттандыруды қамти отырып, деструктивті сипаттағы дәстүрлі емес діни ағымдардың тұрғындар мен азаматтардың діндарлығын өз мақсаттарына пайдалануға ұмтылған талпыныстарына қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастырудың негізі болып табылады.

Еліміздің тұрғындары арасында азаматтардың сенім бостандығын қамтамасыз ету құқығына және діни бірлестіктермен өзара әрекеттесуге негізделген конфессияаралық және ішкі конфессиялық бейбітшілік пен келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған іс-шараларды өткізу — ақпараттық-түсіндіру топтарының негізгі бағыттарының бірі және бұл шаралардың барлығы Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, адамгершіліктері мен денсаулықтарын қорғауға бағытталған.

Шымкент қаласы, халықтың көптігімен де маңызды ірі қалалардың бірі болып есептеледі. Мұсылманшылығы да басым. Ұлттық салт-дәстүрлері де кеңінен сақталған. Қалада орналасқан мешіттер саны 105, исламдық емес діни бірлестіктердің саны 31. Олар діни бірлестіктер жөніндегі заң аясында қызмет етеді. Сонымен қатар,  түрлі мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың қатары да мол. 2019 жылы Шымкент қаласында ашылып, өз жұмысын бастаған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі осындай ерекшеліктерді саралай келе, түрлі деңгейдегі қоғамдық институттармен бірлесіп, діни және ұлтаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейді. Мемлекеттік идеологияны   байсалды жүргізу бағытында барлық саламен байланыс орнатып отыр, темір тордың арғы жағында отырған азаматтармен кездесулер өткізіп, түйіткілді мәселелерді шешумен  айналысады. Орталықта білікті теологтар, психологтар, әлеуметтанушылар бар. Мұның мәнісі – қандай да жағымсыз құбылыстың алдын алу. Әртүрлі деңгейдегі тұрғындардың басын қосып, кездесулер өткізеді. Айтылған пікірлерді зерделейді, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Бүгінгі күні орталықтың мақсаты – дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және адасушылықта жүрген бауырларымызды өзекке теппей мейірімділікпен қатарымызға тарту. Қабырғалы елге қатарымыз қалың болса ғана айнала алатынымыз белгілі. Солай болғандықтан біз дәстүрлі дініміз туралы жастарға қажетті білім беру, халықты бөлінушілікке, бүлік тудыруға себеп болатын бірқатар мәселелерден арашалау.

Қазіргі уақытта мемлекеттің құзырлы мекемелері экстремистік ұйымдардың және олардың идеологтарының қызметін айқындап, тыйым салу бағытында ықпалды шаралар қабылдауда. Сонымен бір мезгілде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу, әртүрлі діндер өкілдері арасында сұхбат орнату қажет. Рухани-ағарту және тәрбие жұмыстарының сапасын көтеріп, тиімділігін арттыру үшін біз қазақ халқының рухани құндылықтары мен дәстүрлерін, қазіргі жастардың еліктеуіне лайықты қаһарман тұлғаларды белсендірек насихаттауға тиіспіз.

Осы мақсатта Шымкент қаласында ақпараттық-түсіндіру топтары (АТТ) құрылып, халықпен кездесу жұмыстарын жүргізуде.

АТТ құрамында мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, дінтанушы, теолог мамандар, дәстүрлі діндер өкілдері, жергілікті маслихат депутаттары, ардагерлер, билер, зиялы қауым өкілдері, белгілі спортшылар, жастар барлығы енгізілген.

АТТ жұмысының негізгі  бағыттары:

  • қала тұрғындары, мекемелер қызметкерлері;
  • жоғары оқу орындары мен орта арнаулы оқу орындары;
  • мектеп оқушылары арасында;
  • ірі сауда орындары

Аталмыш бағыттар бойынша қала, ауданда арнайы кездесулер, оқыту-семинарлар өткізілуде. Нәтижесінде АТТ мүшелерінің халықпен өткізетін кездесулерінің тиімділігі,  нәтижелілігі арттырылуда.

Бүгінгі жағдайда АТТ жұмысы Дін істері комитеті тарапынан берілген әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес жаңа бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.

Жыл басынан бері дін саласындағы АТТ тарапынан 166  кездесулер өткізіліп, 39046 адам  қамтылып отыр.

АТТ тарапынан өткізілген кездесулер БАҚ құралдарында, әлеуметтік желі парақшаларында кеңінен  насихатталып жатыр.

АТТ қызметін ұйымдастыру барысында қала тұрғындары мен жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде мына тақырыптарға назар аударған жөн:

  • тәуелсіз Қазақстанның қазақстандық қоғамда конфессияаралық ауызбіршілік пен  келісімді қамтамасыз ету саясатында қол жеткізген жетістіктері туралы;
  • этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі және оның халықаралық деңгейде мойындалуы туралы;
  • Қазақстанда тұрақты түрде өткізіліп отырған әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері туралы;
  • Қазақстан халқының дәстүрлері, рухани мәдениеті мен толеранттылығы туралы.

Дін мәселелері жөніндегі АТТ еліміздегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға және нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы рөлі күн сайын артып келеді. Дін саласында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру -әртүрлі сипаттағы деструктивті діни ағымдардың идеяларының Қазақстанға енуіне және таралуына тосқауыл қоятын іс-қимылдар мен идеологиялық жұмыстарды кадрлық әлеуеті жоғары әрі маманданған ұйымдарды тарта отырып кәсіби деңгейде атқаруға мүмкіндік береді.

АТТ қызметі шеңберіндегі мемлекеттік органдардың нақты аудиториялармен жұмыстар жүргізудегі міндеті жергілікті жерлерде іске асырылатын АТТ жұмыстарын соған сай сипатта қамтамасыз етуден көрініс табады.

Сондай-ақ, АТТ мүшелері қызметін ақпараттық сүйемелдеу және жұртшылыққа кеңінен таныту, олардың жүргізіп отырған жұмыстарына тұрғындардың сенімін арттыру мақсатында өңірлік БАҚ-тардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін кеңінен  пайдаланып отыр. Атап айтқанда;

-теледидар мен радиода беделді теологтардың, дінтанушы-ғалымдардың, дін өкілдерінің, мемлекеттік және күштік құрылымдар өкілдерінің сөз алуына арналған алаңдар ұйымдастырылуда;

— интернет желісіндегі сайтта, әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру топтарының беделді мүшелерінің сұхбаттары, мақалалары жариялануда;

— қазіргі таңда карантинге байланысты онлайн сабақтар, әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы халықпен байланысты орнатып, қажетті ақпараттар берілуде.

Қорыта айтқанда, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету шеңберінде бүгінде іске асырылып отырған ақпараттық жұмыстардың қоғамымызда идеялық тұрғыдан бой көрсетіп отырған діни сауаттылықты көтерудегі маңызы күшейе түсетін болады. Жылдың соңына дейін әртүрлі қауіптерге қарсы тұру және жас ұрпақтарға рухани және моральдық білім беру мақсатында, күштерді біріктіруге бағытталған маңызды іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Жалпы, Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ мемлекет пен діни ұйымдардың өзара іс-қимыл жасасуын жетілдіру, дінаралық үндестікті жетілдіру және бұзушы қозғалыстарға қарсы тұру бойынша жан-жақты қызметтерді жалғастырады.

Сан қырлы да қатпарлы тарихты басынан өткеріп, тәуелсіздіктің ақ таңына жету баршамызға нәсіп еткен нығмет.  Баршаңызды тәуелсіздіктің даңғыл жолында аянбай табысты еңбек етуге шақырамын.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы
 Кенжебек Рысбеков.