Түзеу мекемесіндегі діни көзқарасымен сотталған азаматтың қателігі мен өкініші
Жаратушы Алла адамға соншалықты ақыл берсе де адам осы ақылы арқылы Ұранға, Исламға, ақиқатқа ермесе шайтан оған жасырын әрі ақырындап жақындайды. Адамға түрлі ой салып, негізсіз қорқынышты санасына салып, жүрегін жаулап алады. Мұндай жағдайда не істеп, не қою керектігі жөнінде бұрыс шешімдер қабылдайды. Біз осылай істеген адамды аяғы тайды дейміз.
Адам болмысындағы тазалық пен пәктікті, жаратылысындағы нәпсілік қалауларын діндарлығы арқылы бақылауда ұстай алмаған жағдайда ақылын бір тарапқа жинап қойып, азғын нәпсінің жетегіне оп-оңай түсе қояды. Оған терең бойлаған сайын қадір-қасиетінен айырылып, күнәға белшесінен батады. Нәтижесінде ұжданды қарапайым істеген ісіне қымсынбайтындай дәрежеге жетеді. Бұл жағдай адамның құрдымға түскен ең нашар жағдайларының бірі. Бір сілкініп өз-өзіне келмейтін болса күнәлар бірінің артынан бірі тізбектеліп, қателіктер қабатталып кезек нәпсінің шырылдаған даусының шығыуына әкеліп соғады. Бұл ұжданның көр соқырға айналып, менмендікпен өзімсінудің шырқау шыңына шыққан кезеңі. Бұл кезеңде адам күнәні шімірікпестен оп-оңай істей алатын дәрежеде болады. Әдептіліктің аты өшіп, арты қылмыс жасауға ұласады. Осылайша жазалауды талап ететін қылмыс жасап, темір тордың ар жағынан бірақ шығады. Осы кезде ақыл деген қазынамыз темір саусақтардың арасында тағыда адамға келеді. «Ақылы басына келді» дейтін сол кезеңде адам қатты өкініп, «Мен не істеп қойдым?!» деп сан соға бастайды. Бірақ бұл кезде бәрі де кеш болды, бояуы сіңді.
Абақтыдағы адамдардың жалпы рухани жағдайымен етене таныс болғандықтан, қылмыс жасағандардың басым көпшілігі сол жерге түскеннен кейін ғана «не істеп қойдым?» деп өз-өзіне есеп беріп, ес жинайтынын нақты айта аламын. Өкінішке орай, кері қайтуға жол жоқ, өкініштің есігін ашудан басқа шаралары болмайды. Еш болмаса шыққаннан кейін ондай іске қайтып бармау керектігін білетін болады. Десек те, адам өмірінің сол қателікті бірнеше рет қайталауға жететіндей ұзақ еместігін есепке алатын болсақ, мұндайды пайда ғой деп айтудың жөнсіз екенін аңғару қиын емес. Ең бастысы адам есін дер кезінде жиып, дұрыс пен бұрысты, күнә мен сауаптың не екенін жағдайы жақсы кезде ұғыну тиіс. Ал абақтыға ешбір адам өздігінен экстремист немесе қанқұмар содыр болып кетпейді. Олар әлем билігін қолына алғысы келген белгілі бір саяси топтың ұзақ мерзімге құрылған стратегиясы бойынша «торға» түсіп «қармаққа» ілінеді. Сөзбен сомдалған тәтті қиял мен асқақ арманның жетегінде жүріп қолына қалай қару алып қалғанын білмейтіндер көп. Аллаға емес, әлгіндей зымиян пиғылды саяси топтың жетекшілеріне құл болып жүріп, «еркіндіктің» елесіне қалай елітіп қалғандарын да сезбей қалады. Байлар тірнектеп жинаған дәулетін, күштілер қажыр қайратын, қыз балалар өзінің тәнін, тіпті біреулер шыбын жанын осындай теріс жолға пида етіп жіберетінін де сезбей қалады. Міне осындай қателікке бой алдырып артынан өзінің адасқанын мойындап өкінішпен жазған мақаласын дінді дұрыс түсінбей жүрген азаматтарға өнеге болама деген мақсатта көпшілікке ұсынғымыз келіп отыр.
«Мен Жұмахан Сүлейменұлы 1975 жылы шілденін 12 күні Шунхуа халық жумхуриятының Қармай шаһарында дүниеге келдім. Ұлтым қазақ. Білімім орта 1994 жылы Қарамай қаласы Майтағ ауданындағы «Шаруашылық» техникумын бітірдім. Сосын мұнай заводында қызмет еттім. Мен 2000 жылы отбасын құрдым. Күнделікті күйбең тіршілікпен жан бағып жүргенде әкем қатты сырқаттанып қалды. Әкем мені шақырып алып; «Балам бұл жүрісің жарамайды, мен төрімнен көрім жақын адаммын, намаз оқы, егер дүниеден өтіп кетсем арқамнан дұға оқып тұр» деп ақылын айтты. Әкем мені жақсы көретін, не жағдай болса да менімен ақылдасып отыратын. Сол үшін маған қатты сенім артып намаз оқуға бейімдеді. Осылайша әкемнен намаз оқуды үйрендім. 2003 жылдары намазға деген көңілім тартпай, бірде оқып бірде оқымай жүрдім. 2007 жылы әкем өмірден өтті. Мен қатты өкіндім, қайғырдым, бір нәрсені жоғалтып алғандай күй кештім. Әкемнің өлімі маған қатты соққы болып тиді. Осыдан кейін намазды тастамай оқып, мешітке жиі баратын болдым. Мешіттерде имам Абу Ханифа мәзһабы бойынша намаз оқитын. Ағайын туыстарым және отбасыммен қарым қатынасым жақсы еді. Аға-інім әпке-қарындастарым бір жағдай болса мені шақырып кеңесіп, ақылдасып отыратын. Айт мерекелерінде ағам мені әкемнің қабіріне апарып Құран оқып рахаттанып келетін едік. Достарым Құдайы тамаққа барса Құран оқу үшін мені ертіп алатын. Оларда ерекше құрметтейтін. 2008 жылы мешітте Абдулуаххаб, Фаррух деген ұлты ұйғыр азаматтармен таныстым. Олармен таныстығымыз нығайып, маған білім үйретпекші болды. Мен келісімімді бердім. Олар сәләфизм ақидасын үйрете бастады. Уақыт өте келе әңгіме арасында намаз оқымаған адамның үйінен тамақ ішуге болмайды, Құдайы тамаққа бару бидғат діндегі жаңалық намаз оқымайтындардың сойған малының етін жеуге , некесіне, жаназасына қатысуға, тіпті қарым-қатынас жасауға да болмайды деген сияқты ұстанымдарын ашық айтып жүрді.Соңы Қытай заводтарында жұмыс істеп ақша табуда харам, біраз күннен кейін маған жиһад туралы уағызды жиілете түсті. Тәубе сүресінің 38-аятында: «Ей мүміндер! Сендерге не болды? «Алла жолында соғысқа шығыңда!» -деген кезде, салмақтарыңды жерге салдыңдар. Ақыреттен көрі дүние тіршіліген қоштадыңдар ма? Негізінде тіршілігінің пайдасы ақыретке қарағанда өте аз ғана.» Қазір кәпірлер бізбен соғысуда, бейкүнә мұсылмандарды өлтіріп жатыр. Біз оларға көмек беру үшін жиһадқа шығу керек. Жиһад қазіргі заманда «парыз айн» (әрбір мұсылманның орындауға міндетті ісі) жиһад қылмасаңдар күнәһар боласыңдар, бұл әрбіріміздің мойнымыздан түспейді. Егер жиһад «парыз айн» екендігін біліп тұрып бармай қалсаң жаһилдік (надандық, дінсіздік) өлімімен өлесің деп түсіндірді. Менің діни сауатым болмағансың оларға ешқандай уәж айта алмай, толықтай рас сендім. Сонымен олардың үйреткенін бұлжытпай орындауға бекініп туған бауырларым, достарым намаз оқымайды деп олармен қарым-қатынасымды үздім.
2009 жылы анам өмірден озды. Сәләфилік идеологияның ықпалының себебімен тоғыз ай көтеріп бұл дүниеге келтірген, түн ұйқысын төрт бөліп емізген, мәпелеп өсірген, қатарынан кем болмасын деп өзі аш қалса да баласының жағдайы үшін барлық нәрсеге дайын болатын жан анамның жаназасына да артынан берілген астарына да қатыспадым. Осылайша аға-інім, әпке-қарындасым туысқандарыммен арақатынасым үзілді. 2009 жылдың соңында тағы да сол сәләфилік көзқарас бойынша кәпірлердің кәсіп орнымнан кетіп тындым. Күн өткен сайын сәләфилік көзқарасқа тереңдеп ене бердім. Осының салдарынан пайғамбарымыздың с.ғ.с: «Үш адам жұмаққа кірмейді, ата-анасын ренжіткен адам, арақ ішіп өлген адам, даюс (әйелін қызғанбайтын) адам» деген хадисінің мән-мазмұнын терең ұғынбай, амал қылуға асықтым. Нәтижесінде әйеліме діннің негіздерін жақсы түсіндірмей, дінді жақсы көрсетпей өзімнің білімсіздігіммен сен намаз оқымадың, хиджаб кимедің, мен әйелін қызғанбайтын даюс болғым келмейді деп әйеліме талақ бердім. Осыдан кейін әйел, бала-шағамды тастап 2010 жылы Қазақстанға көшіп келдім. 2010 жылдың соңында Алматыдағы Көкмешітте қазіргі Гулвира атты әйеліммен таныстым. 2011 жылы некемді қиып, отау құрдым.
Алматы қаласы «Алтын Орда» сауда орталығындағы Қытайдан келген Әділ (ұлты қазақ) деген жігіттің қолында жұмыс істедім. Тұрмысым жақсы еді. Бір күні Ерлан атты Қытайдың қазақ жігіті Омар, Ибрагим, Ясин атты оралман жігіттерге жиһад туралы уағыз насихат айт деп таныстырды. Жиһад туралы үгіт-насихат айтқаным үшін 2014 жылдың шілде айының 21 жұлдызында қылмыстық жауапкершілікке тартылдым. Тергеу изоляторында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін имам теологтардан өзімнің жиһад туралы көзқарастарымның дұрыс-бұрыстығын сұрадым. Имам теологтар Құрандағы «жиһад» сөзінің мән-мағынасын, жиһадтың қандай уақытта жасалатынын түсіндірді. Сондай-ақ елбасы жариялайтынын және мемлекетке жау келгенде отанды қорғау үшін қолға қару алып жиһад жасаудың парыз болатынын кеңінен баяндап берді. Осындай түсіндірме жұмыстарынан кейін елімізде жүйелі түрде жұмыс жасап жатқан мешіт медреселерде біліктілігімізді көтеріп, тыныш өмірді сүру керек деп қатты ойландым. Дегенмен қолыммен істегенімді мойныңмен көтеру керек шалыс басқанға жаза бар. Осыған орай 2014 жылы қазанның 20-шы күні ҚР ҚК-нің 233 бабының 1-тармағы, 164 баптың 1-тармағы бойынша жалпы режимге бес жылға бас бостандығымнан айыру жазасына кесілдім. 2015 жылы ақпанның 2-ші күні Алматыдан Шымкент қаласындағы ИЧ 167/3 мекемесіне этаппен келдім. Абдулуаххаб, Фарух атты азаматтар сен сотталсаң ол жақта сені қинап, ұрып соғады деп қорқытқан болатын. Бірақ, олардың айтқандары жалған болып шықты. Бұл жерде білікті имам теологтар мен сияқты жаза басқан адамдармен жеке-жеке кездесіп, дін тұрғысында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді екен. Мен Қытайда Юсуф Қардауидің кітабын оқып сол кітап бойынша білім алған едім. Имам телогтар ол кісінің қателескен тұстарын көрсетіп берді. Сол кітапты оқып қателескенімді түсіндім. Имам-теологтардың маған берген дәстүрлі діни танымдық түсіндіру жұмыстары арқылы өзімнің сәләфилік ақидасына еріп, жиһад мәселесінде қателескенімді түсіндім. Лұқман сүресінің 14-аятында «Адамдарға, ата-анасына қарайласуды бұйырдық…» Исра сүресінің 23-аятында «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңе, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «тух» деме сондай-ақ ол екеуіне зекіме де ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» деп баяндаған.
Пайғамбарымыз хадисінде: «Алла Тағала қандай істі жақсы көрді? деп сұрадым. Ол «уақытында оқылған намаз деді. Мен және одан кейін? деп сұрағанымда ата-ананы құрмет қылу» деп келеді. Келесі бір хадисте: «Аллаға серік қосу, ата-анаға мойынсынбау, қастықпен адам өлтіру, жалған ант беру үлкен күнәлардан» деген секілді аят хадистерді оқыған сайын бойымды қорқыныш, үрей билеп алады. Осыдан кейін қолымды жайып » Уа Раббым! Мені кешіре гөр!» деп өкініп тәубе етіп, Аллаға жалбарынамын. Сауатсыздықтың салдарымен сәләфилік идеологияның жетегінде жүріп анамның жаназа намазына және мазарының басына бармағаныма қатты өкініп жыладым. Сәләфилік деп жүрген бауырларым үйреткен діни тәрбиенің дұрыс еместігіне толық көзім жетті. Солардың соңынан соқыр еріп жүргеніме өкінем. Ең бастысы кеш болса да қателіктерді түсініп, оны түзету адамдықтың белгісі деп түсінемін. Сондықтан да, Құдай қаласа аға інілерім мен әпке-қарындастарымнан кешірім сұраймын. Тәубе етіп, түзелу жолына нық түстім. Сіздерге айтарым «дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» демекші көрінген көк аттыдан білім үйренбеңіздер, дәстүрлі рұқсат етілген имам теологтардан білім алған абзал дер едім. «Иманды ұрпақ көбейсе, елдің болар қорғаны» демекші иманды ұрпақ көбейсін. Діннен безген опасыздардан елімізді Алла сақтасын!»
Осылай адасып артынан өзінің қателіктерін түсініп өкініп жатқан азаматтар жайлы көптеген мысалдар келтіруімізге болады. Қанша дәлел, мысалдар келтірілсе де өз дегенінен қайтпайтындар да аз емес. Бұл жайында дана халқымыз «Бес саусақ бірдей емес» деп өте орынды айтқан. Соған қарамай имам теологтар өзінің жұмысын тоқтатпай еңбек етуді сірә бәсеңдетпеу керек. Бір адамның санасын өзгерту оңай шаруа емес. Көп еңбекті талап ететін дүние. Жоғарыда жазылған мақаладан бір адам болсын ғибрат алатын болса оның өзі үлкен жетістік болады. Бір адам бізге өте аз болып көрінуі мүмкін. Бірақ, бір кісінің қателігі артынан қаншама адамға зиян келгенін жоғарыда жазылған оқиғадан аңғарған болармыз. Дінге енді бет бұрғысы келіп жүрген немесе дәстүрлі діннен алшақ жүрген азаматтарға соқыр сенімге бой алдырмай ақылға, ғылымға жүгінуі керек. Елдің тыныштығын сақтау адамилық һәм мұсылмандық парызымыз екендігін ұмытпаған жөн.
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Айдос Уралбаев.