КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН «ЖАУЛАРДЫ» ЖОЙҒАН 100 САРБАЗ АЛҒЫС ХАТ АЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов төтенше жағдай кезінде арнаулы шараларға қатысқан 100 әскери міндеттіге Алғыс хат табыстады.

Естеріңізге сала кетсек, коронавирусқа байланысты Қазақстан Республикасы аумағы 16-наурыздан бастап 11-мамырға дейін төтенше жағдай режимінде болғаны белгілі.

Бұл коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін қабылданған шара болатын. Вирустың таралуын барынша шектеу үшін өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, санитарлық өңдеу жұмыстары қарқын алған. Сол кезде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай арнаулы шараларға әскери міндеттілерді тарту туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі.

Соған сәйкес, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен 300-ге жуық еріктілердің ішінде әскер қатарына 100 азамат іріктеліп алынды. Іріктеліп алынған сарбаздар 13-сәуірден бастап аумақтық әскерлер қарулы күштеріне қабылданған. Өз кезегінде олар қаладағы 4 ауданға 25-тен бөлініп, 14-мамырға дейін залалсыздандыру жұмыстарының бел ортасында жүрген. Блок-бекеттердегі қауіпсіздік шараларына да қатысқан.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов көзге көрінбейтін «жауларды» жоюда аянбай еңбек еткен 100 әскери міндеттіге тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.