ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНЕ НЕ БЕРЕДІ?

Бүгінде Түркістан облысы инвестиция салу үшін өте тиімді аймақ ретінде мойындалып келеді. Оған өңірдің инвесторлардың құқықтарын қорғау мен инвестициялық ынталандыруы өз ықпалын тигізуде. Былтыр Түркістан өңіріне 441 млрд.теңге инвестиция салынған. Сөйтіп, инвестиция тарту көрсеткіші бойынша ел аумағында өңірлер арасында екінші орыннан көрінген.

 

Осы жылғы көрсеткіштер де оң динамиканы құрап отыр. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 2,6 млрд. теңгені құрады.

Сондай-ақ, сыртқы инвестиция 13,1 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87% — ға жоғарылады.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2020 жылдың І-тоқсанында облыстың негізгі капиталына 56,8 млрд.теңге бағытталған. Ол былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен 141,3% -ға жоғары.

Қазіргі уақытта «Turkistan Invest» өкілдері Түркістан облысының экономикасына инвестиция салуға шешім қабылдаған шетелдік инвесторлар үшін инвесторлық визаларды рәсімдеуде көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда.

Компания аймақ инвесторларына жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуде. Мысалы, 2020 жылдың І-ші тоқсанында «TURKISTAN INVEST» компаниясымен бірге жалпы құны 23,18 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында 197 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 1,7 млрд. теңге сомасындағы 5 жоба өнеркәсіп саласында, 21,5 млрд.теңге сомасындағы 2 жоба энергетика саласында іске асырылды.

2020 жылы Түркістан облысы бойынша жалпы сомасы 397,7 млрд.теңге болатын 97 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның негізінде 5 508 жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отыр. Оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен жалпы сомасы 268,8 млрд. теңге болатын 14 жоба аясында 2 660 жұмыс орны құрылады. Жоспарланған жобалардың басым бағыттары ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Жасыл экономика», химия өнеркәсібі және әлеуметтік нысандар құрылысын атап өтуге болады.

Агроөнеркәсіптік кешен саласына тоқталар болсақ, «Ecoinvest» ЖШС жобасының I-кезеңі, яғни, 21 га жылыжай кешенінің құрылысы аяқталу сатысында. 2017 жылдан бастап Cottonex (Польша) компаниялар тобы Түркістан облысының Сайрам ауданында жоғары технологиялық жылыжай кешенін салудың ауқымды жобасын іске асыруға кіріскен. Инвестицияның жалпы көлемі 11,3 млрд.теңгені құрайды.

Сонымен қатар, «Эко Культура» АӨХ жобасы аясында 500 га жылыжай кешендерінің құрылысы басталды. Ресей компаниясы аталмыш жобаны Түркістан облысы, Келес ауданында жүзеге асыруда. Жобаны жүзеге асыру 2020-2025 жылдарға жоспарланған. Орталық Азияда теңдесі жоқ жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен 600 млрд. теңге. Қазіргі уақытта компания жобаның бірінші кезеңін іске асыру бойынша 50 гектар аумаққа жобалау жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ, «Тан Сари Трейдинг А» ЖШС «Бақша дақылдары мен жемістерді (қауын мен қарбыз) сақтау және өнеркәсіптік өңдеу бойынша агроөнеркәсіптік кешен» құрылысы жобасын іске асыруда. Жоба 2020 — 2021 жылдар аралығында жүзеге асады. Инвестиция сомасы-1,7 млрд.теңге. Компания өнімдері ТМД және ЕО елдеріне экспортталады.

Сондай-ақ, энергия көздері саласында «ЮКСЭС» ЖШС (Risen Energy, Қытай) шетелдік инвестордың қатысуымен жаңа жоба жүзеге асырылды. Инвестиция көлемі 19 млрд. теңгені құрайды. «Risen Energy» компаниясы «ЮКСЭС» ЖШС-мен бірлесіп Созақ ауданында 125 га аумақта қуаты 50 МВт күн электр станциясын салу жобасын іске асырды.

Өңірде шетелдік компаниялардың қатысуымен басқа да жобалар қолға алынуда. Мәселен, «ARM Wind» ЖШС-нің Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында қуаты 50 мВт күн электр станциясының құрылысын жүргізуде. Инвестиция сомасы-12,5 млрд. теңге. Естеріңізге сала кетейік, «ARM WIND » Қазақстан Республикасындағы ірі шетелдік инвестор болып табылатын ENI (Италия) Халықаралық энергетикалық компаниясының еншілес ұйымы.

Бұдан бөлек, «KZT Solar» ЖШС және «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС компаниялары Кентау қаласында қуаты 110 мВт күн электр станциясының құрылысын бастады. Инвестиция сомасы 32,2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны іске асыру 2020-2021 жылдарға белгіленген.

Ал, «YDA Insaat» түрік компаниясы Түркістан қаласында халықаралық әуежай салуды жүзеге асыруда. Инвестиция сомасы — 78,8 млрд.теңге. 1500 жұмыс орнының ашылуына ықпал ететін бұл жобаны іске қосу 2020 жылдың аяғына жоспарланған.

«Turkistan Silkway Harbor» ЖШС Түркістан қаласындағы АЭА-ИКО аумағында «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешенінің құрылысын жүргізуде. Көпфункционалды туристік кешенге жабық базар, Шығыс базары, фудкорттар, ойын-сауық аймағы, рекреациялық аймақтар және этникалық стильдегі қонақ үйлер кіреді. Инвестиция сомасы 83 млрд. теңгені құрайды.

Сондай-ақ, Ордабасы ауданында химия өнеркәсібі саласында «Standart Petroleum & Co» ЖШС көмір-химия комбинатының құрылысы жүруде. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 95 млрд.теңге. Екі кезеңде жүзеге асырылып, 1 000-нан астам жұмыс орны ашылатын жобаның бірінші кезеңін іске қосу 2020 жылдың соңына, II кезеңін іске қосу 2021 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа жоспарланған басқа да ауқымы жобалар бар. Атап айтқанда, «Turkistan Invest» басқармасының қолдауымен көкжидек өсірумен айналысатын «Loy Almaty» ЖШС-нің қазақ-грузин бірлескен кәсіпорны өңірге тартылды. Жоғарыда көрсетілген жобаның өндірістік қуаты жылына 13 мың тоннаны құрайды. Жобаны жүзеге асыру Қазақстанның барлық нарығын қамтып, Түркістан облысының экспорттық әлеуетін кеңейтуге үлес қосады. Ағымдағы жылдың күзінде іске қосу жоспарланған жобаны Арыс қаласы маңындағы Байырқұм ауылында жүзеге асады.

Облыс басшылығы Түркістан облысы экономикасының әлеуметтік-маңызды салаларына инвестиция тартуға ерекше көңіл бөледі. Бәрімізге белгілі, әлемде ауыз суға қол жеткізуде белгілі бір қиындықтар байқалуда. Осыған байланысты «Turkistan Invest» күшімен «Professional Mechanics» түрік компаниясы Қазақстанда теңдесі жоқ суды тазарту бойынша блоктық-модульдік станцияларды өндіретін болады. Осы жоба аясында 1 млрд.теңгеден астам қаражат тарту және 50-ге жуық жұмыс орнын ашу межеленіп отыр.

«Asya Modern Sera» атты түрік компаниясы Түркістан облысының Келес ауданында голландтық технология бойынша ауданы 20 га өнеркәсіптік жылыжай салуды және 300 жұмыс орнын ашуды жоспарлауда. Инвестицияның алдын ала сомасы — 8,8 млрд. теңге. Осы ретте аталған компанияның өндірістің жылыжай салуда мол тәжірибеге ие екенін айта кетейік.

Импорт алмастыру бағдарламасы шеңберінде жергілікті әлеуетті инвесторларды қолдау жұмыстары да жалғасуда. Бұл бағытта «PerfoSystem Production & Co» ЖШС өнімдерін өткізуді қамтамасыз ету мақсатында оффтэйк келісім-шарт жасау бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол пайдалы қазбаларды барлау үшін жарылғыш заттарды өндіру жөніндегі жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Жоба аясында 120 жұмыс орнын ашу және Түркістан облысының экономикасына 5,3 млрд.теңге инвестиция салу көзделуде.

Жоғарыда көрсетілген жобалардан басқа «Turkistan Invest» тарапынан «Kablo Kastro» — төмен вольтты кабельдерді өндіру жөніндегі түрік компаниясы, сондай-ақ «Lindsay» американдық компаниясы жаңбырлатып суару жабдықтарын өндіру сияқты басқа да әлеуетті инвесторлармен белсенді жұмыстар жүргізілуде.