КАРАНТИН РЕЖИМІ ҚҰРЫЛЫСҚА КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕЙДІ

Ағымдағы жылдың 19-сәуірінен бастап Түркістан облысының барлық аумағында карантин режимі енгізілгені белгілі. Дегенмен құрылыс саласы, көктемгі егіс науқаны, тіршілікті қамтамасыз ететін коммуналдық шаруашылық қызметтері карантин режиміне қарамастан толық қуатта жұмыс істеуде.

 

Мысалы, облыс орталығы Түркістан қаласының өзінде қазіргі таңда 35 құрылыс нысанының жұмысы қарқын алған. Ол жерлерде 4 мыңға жуық құрылысшы бір ауысым тәртібімен жұмыс істеуде. Құрылыс жұмысының барысы мен сапасын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жүйелі түрде бақылап жүр.

Осы аптада Түркістандағы бірқатар құрылыс нысандарын аралаған аймақ басшысы жұмыстың барлығы карантиндік режимге сай болуын қадап айтты. Яғни, жұмысшылар сақтық шараларын қатаң ұстануы тиіс. Қазіргі таңда жұмысшылар күнделікті медициналық тексеруден өтеді. Бұдан бөлек құрылысшылардың жұмыс орындарына келіп-кетуіне барлық жағдайлар жасалған. Тосқауыл жоқ. Өз кезегінде облыс әкімі қажет болған жағдайда құрылыс компаниялары қосымша жұмыс күшін тарта алатынын ескертті. Ол карантиндік режим Түркістандағы құрылыс жұмыстарына ешқандай кедергі келтірмеуі керектігін айта келе «Елдегі болып жатқан ахуалға қарамастан, қала аумағындағы бірде-бір нысандағы жұмыс тоқтатылмайды. Қауіпсіздік шарасын да қатаң ескереміз. Адамның саулығы бірінші кезекте. Жұмыс күшімен толық қамтамасыз етіп, жұмыстан босаған азаматтарды табыс көзімен қамту үшін қалалық әкімдік Нұр-Сұлтан, Алматыдағы құрылыстардан босаған мамандарды жұмысқа шақыра алады. Олардың өңірімізге блок-бекеттерден тосқауылсыз жетуін қамтамасыз етуге көмек береміз», — деді.

Бұған дейін облыс басшылығы Түркістан қаласында салынып жатқан құрылыс нысандары бекітілген мерзімінде аяқталатынын мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда қаланы абаттандыру жұмыстары да кестеге сай жүріп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, Түркістан обылысында 19-сәуірден бастап карантин режимі енгізілген.

Соған сәйкес, көрші аймақтармен шекарадағы санитарлық блок-бекеттер жұмысы күшейтілді. Тұрғындарға қалааралық, ауданаралық және елдімекендер арасында қатынауға шектеу қойылып, елдімекен ішіндегі қоғамдық көліктер мен жеке тасымал қызметінің жұмысы тоқтатылды.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы үшін қоғамдық орындар мен демалыс орындары, саябақтар жабылды.

Азық-түлік және киім кешек базарлары, тұрмыстық заттар сататын базарлар жұмысы тоқтатылды.

Сондай-ақ, әлі күнге алаңсыз есік алдында ойнап жүрген балалардың ойын алаңдарында, көп қабатты үйлердің аулаларында ойнауына тыйым салынды.

Тұрғылықты жерде отбасылық мерекелер, туған күн, той-жиын өткізуге шектеу қойылды.

Үш адамнан артық топтың көшеде және қоғамдық орындарда жиналуына тыйым салынды. Жасы 65 жастан асқан азаматтар үйден шықпай, оқшаулануы тиістігі ескертілді.

Тұрғындарға тек қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға үйге жақын жердегі дүкендер мен дәріханаларға баруына рұқсат етіледі. Азық-түлік дүкендерінің жұмысы сағат таңғы 09:00-ден кешкі 20:00 аралығына дейін шектелді.

Атап өтерлігі, құрылыс саласы, көктемгі егіс науқаны, жұмыспен қамту жол картасы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары карантиндік режимге қарамай жұмысын жалғастырады.