КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ АЗДЫҒЫ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҮШІН ТИІМДІ
Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 297 606 шақырымды құрайды. Оның 56,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Бұл көрсеткішті көтеру мақсатында биыл 417,6 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатта бюджеттен 25,6 млрд. теңге бағытталған. Оның 5,1 млрд. теңгесі республикалық қазынадан қаралған болса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Нәтижесінде 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық пайдалануға беріледі. Қалғаны келер жылға өтпелі болады.
Апта ішінде Шымкент қаласының әкімі атқарылып жатқан жол құрылысы жұмыстарымен танысты.
Қала басшысы бет алған алғашқы нысан «Самал-2» шағынауданындағы Сейітов көшесі. Асфальт төселген көше тұрғындары әкімге шынайы алғыстарын білдірді. Жаз мезгілінде топырақ кешіп, суық күнде саз- балшыққа батып жүретін күндердің келмеске кеткенін айтқан олар, көшелерінің ажары кіріп қалғанын айтып, мәз-мейрам болды. Бұл жаңалыққа балалардың қатты қуанып отырғанын да жеткізді.
Қазіргі таңда қаладағы Гагарин көшесі мен Республика даңғылындағы жол құрылысы да қарқынды жүруде. Қала әкімі жауапты басшыларға нысан басындағы жұмысшылардың қауіпсіздігін назардан шығармауды шегеледі. Сонымен қатар ол, «Самал» базарына баратын Т. Рысқұлов көшесінің қос қапталындағы аяқжолдар мен суағарлардың арасындағы ашық жерлерді жасыл желекпен көмкеруді тапсырды.
Жол-құрылыс жұмыстарын аралау кезінде Мұрат Дүйсенбекұлы карантин кезінде көшедегі көлік қозғалысының аздығы мен жұрттың жаппай үйде отырған сәтін мердігер мекемелер тиімді пайдалану қажеттігін ескертті. Ал белсенді тұрғындарға жол жөндеу жұмыстарының барысын тікелей қадағалауға шақырды.