«ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 20 ЖЫЛ» ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТІРШІЛІГІ ҚАЛЫПТЫ

 

Өткен аптаның сәрсенбісі Шымкент үшін сәтті өтпеді. Себебі дәл сол күні қалада коронавирус жұқтырған алғашқы адам анықталды. Іле ол науқаспен белсенді қарым-қатынаста болған оның анасынан да алынған тест-сынама індеттің оң нәтижесін көрсетті. Осыған орай олар мекен ететін Шымкенттегі Абай ауданындағы «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы 28-наурыз сағат түнгі 00:00-ден бастап 14 күндік карантинге жабылды. Барлығы 3 мыңға жуық адам мекен ететін тұрғын алабтағы тұрғындардың қалаға кіруіне немесе шығуына уақытша шектеу қойылды.

Карантинге жабылған тұрғын алабта қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынды. Тұрғындарға азық-түлік себеті таратылды. Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов осы бағыттағы жұмыстарды былай деп баяндап берді.

– Тұрғын алабта 2 блок-бекет қойылды. Онда 70 құқық қорғау қызметкері кезекшілік тәртіппен жұмыс істеуде. Сонымен қатар 4 жедел жәрдем қызметкері бар. «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы аясында тұрғын алабтағы 107 (616 адам) жағдайы төмен отбасыға азық-түлік себеттері ұсынылды. Бұдан бөлек алдағы уақытта 716 отбасыға ұн, өсімдік майы, картап, пияз, сәбіз сынды әлеуметтік маңызы бар өнімдер 40-50 пайыздық жеңілдетілген бағада ұсынылатын болады.

Тұрғын алабтағы барлық тұрғындарға медициналық бетперделер тегін таратылды. Аудандағы тұрғындар үшін бірінші сұрыпты ұн арзандатылған әлеуметтік бағада босатылды. Жергілікті жерден 500 метр қашықта орын тепкен наубайханада пісірілген нан «Тәуелсіздікке -20 жыл» тұрғындарына жеткізіліп, 75 теңгеден сатылуда.

Ондағы тұрғындарға «ЛТД Тұрмыс» көлігі арқылы күніне екі рет тасымалды ауыз суы жеткізілуде. Тұрғын алабта барлығы 40 көше мен 716 тұрғын үй бар. Олардың барлығына қазіргі таңда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Көшелер күніне 2 рет «ЛТД Тұрмыс» мекемесінің 2 техникасымен, ал үйлер №35748 әскери бөлімінің 4 техникасы және 100 қызметкерінің көмегімен залалсыздандыруда.

Осылай деген аудан әкімі Бұқарбай Парманов «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабында аз қамтылған — 132, көп балалы — 96 отбасы бар екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, жер көлемі 267,0 гектарды құрайтын тұрғын алаб Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 27-наурыздағы №6 қаулысына сәйкес карантинге жабылған болатын.