«Мемлекет менікі екен»

Менің бір даукес досым бар. Бірге оқығанбыз. Мектепте. Бала кезінен бәле-батырға оң иығын беріп жүретін ол сабақты да жақсы оқыды. Сабақ үстінде мұғалім апайға болмайтын сұрақ қойып, зықысын шығаратын қужақ неме кез-келген әңгімені қызылтанау егеске апарып тірейтін-ді. Сол бетімен өскен досым менің патриоттығымды аса жақтырмайтын. «Қойшы, – дейтін ол – осы да ел ме, осы да мемлекет пе? Бұдан бұрынғы Сәбет өкіметі жақсы еді. Бәрі ол кезде тегін еді. Жұрттың бәрі жұмыс істеп, айлық алатын. Аш қалып, кедей болған ешкімді көрген емеспіз. Ал мынауың не? Ұры-қарының билігі. Сенің патриоттығыңды олардың ұрғаны бар».

 

Мен де, әрине, қарап қалмаймын. «Сен Сәбет өкіметінің малайы болдың. Семіз малайы болдың. Кремль саған білгенін істеп бақты. Жеріңді тартып алды, далаңды атом сынағының алаңына айналдырды. Өз еркің өзіңде болған жоқ», – деймін. Досым бұндай сөзге қыңбайды. Сөйтеді де дәлелдер келтіре бастайды. «Ол кезде, – дейді ол, – кімнің малайы екенімізді білетінбіз. Қожайынымыз қайткенде қарнымызды тойдырып қоятын. Ал маған қарнымның тоқтығы, бір күн болса да алаңсыз өмір сүрген тіршілігім қымбат. Бәрін былай қойғанда өз халқын ұмытқан билікті қалай мойындауым керек?»

Мен де қалыспай Үкімет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды көлденең тартып, мысал келтіремін.

Сонда досым жұтаған ауылды, жұпыны тірлікті, қаңырап қалып қойған қора-қопсыны жағалата көрсетіп: «Қайда сол бағдарламалар, қайда сол әлеуметтік жобаларың. Неге соның бәрі «Хабарда» ғана айтылып, халыққа жетпейді?» – дейтін. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім»… Мен тегі әу бастан дау-дамайға жоқ адаммын, «сенікі жөн» деймін де қоя саламын.

Сол досым бүгін ауылдан қоңырау шалып тұр. Риза. Көңілді. «Әдейі сенің қитығыңа тие беруші едім. Сен «Тәуелсіз елім» деп тебіренгенде мен толқымайды ғой деп пе едің. Менің сырым ішімде болатын. Енді саған шынымды айтайын. Мына мемлекет менің мемлекетім екен. Мемлекет бізді далаға тастамайды екен. Біз оған керек екенбіз. Президент Тоқаевтың кешегі мәлімдемесін естіп қуанып отырмыз. Ауыл шаруашылығына, әсіресе көктемгі дала жұмыстарына анандай көлемде қаражат бөлініп, жанармай арзандайтын болса, және жергілікті әкімдіктер біздің кәсіпкерлер өндірген өнімді сатып алуды қамтамасыз етсе, бұдан артық не керек? Жекешелендіру-пекешелендіру басталып, дөйдалада қалғанда да жанымызды баққанбыз. Ешкімге алақан жайған емеспіз. Ал, енді мұндай қолдау болса, аяқтан тұрып кетеміз ғой!».

Мемлекет басшысының кешегі мәлімдемесі туралы жазуым керек, пікір білдіруім керек деп отырған ем. Ойланып қалдым. Мынандай қоспасы жоқ, майпаңы, жорғасы жоқ, жағынуы жоқ шынайы сөзден кейін не айтып, не жазуға болады.

– Бейімбет, – дедім (досымның аты – Бейімбет. Сойы атынан зор: Құнанбаев), – Бейімбет, мынау қаншелек қара пәленің екпіні қайтып, қауыштыруға жазсын бәрімізді. Естідің ғой, Президент Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді деді.

Көктемгі егіс науқаны үшін Үкіметке «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді және тапсырды.

«Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн», – деп қадап тұрып айтты .

Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктеді.

Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады.

Осының бәрін естідің. Сен естіп қана қойма, соны қадағала. Тиісті орындардан сұрап отыр. Талап ет. Әншейінде таңдайың тақылдап сөйлегенде мәтібисің. Соныңды енді көрсет. Ауылшаруашылығына бөлінген қаржы-қаражаттың осы уақытқа дейін қайда кеткенін, қандай дауыл тұрып, қайда ұшқанын білмей келдік. Өйткені бізде халықтық бақылау мүмкіндігі болған емес. Өзіміз талпынбасақ оның болуы да неғайбіл. Әсіресе, ауыл адамдары көнбіс. Алаяқтар аузындағысын жырып әкетіп жатас да, «е, мейілі, Құдайдан қайтсын» деп жүре береді. Өз орталарыңнан бақылаушы топ құрыңдар. Мысалы, Алматы облысы Ақсу ауданына қанша тонна жанармай бөлінді, қанша қаражат бөлінді – соған құлақты түре жүріп, тиесілі дүниені қолдарыңа алыңдар. Ол үшін ақпараттармен жұмыс істей білу керек. Ақпарат атаулыны қалт жібермеу керек. Журналистер еріккенін газет шығарып, теледидардан хабар таратып, сайттарда жұмыс істеп отырған жоқ. Нені болса да ел іші біліп отырсын, біле жүрсін дейді. Соны пайдаланыңдар. Қала берді, қолдарыңда бір бір смартфон бар, соны ойын емес, хабар-ошардың ғана құралы емес, істің көзі, тетігі ретінде пайдалана біліңдер деп біраз «ақыл» айтып тастадым. Дұрыс айттым ба? Кім бұл сөзге қандай пікір, ұсыныс қосады, мархабат!

 

Дәурен Қуат,

Abai.kz.