КОРОНАВИРУС: МАРҚҰММЕН ҚОШТАСУҒА 30 МИНУТ БЕРІЛЕДІ

 

Айтуға ауыр. Бірақ қалың қауым коронавирус туралы бұл ақпараттан да хабардар болуы тиіс.

 

Ағымдағы жылдың 1-сәуірінде еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирустан көз жұмғандардың сүйегі туыстарына берілмейтінін мәлімдеді. Cонымен қатар ол, Covid-19 вирусынан көз жұмғандардың сүйегі зерттеу үшін мәйітханаға жіберілмейтінін де айтты.

Бас санитар шығарған қаулыға сәйкес, вирустан айықпай, көз жұмған науқастармен қоштасуға 30 минут беріледі. Бірақ ара қашықтық 3 метрден кем болмауы тиіс. Марқұмды жерлеу рәсіміне жақын туыстары мен 1 дін қызметкері ғана қатыса алады. Егер марқұм мұсылмандық ғұрыпқа сай жер қойнына тапсырылатын болса, сүйекті жуу рәсімі медициналық мекемеде өтеді. Жерлеу рәсіміне марқұмды металл немесе ағаш табытпен жеткізеді. Жерлеу кезінде марқұмның бетін ашуға тыйым салынады. Сондай-ақ, жерлеу рәсімінде эпидемияға қарсы барлық шаралар қатаң сақталуы үшін, оған санитарлық-эпидемиялық қызмет пен жергілікті атқарушы органның өкілдері де қатысады. Елімізде коронавирустан көз жұмғандарды жерлеудің бұл алгоритмі ағымдағы жылдың 31-наурызында бекітілді.

Естеріңізге сала кетсек бүгінге дейін елімізде 3 адам коронавирустан қайтыс болды.

М. ӘБДІРАЙЫМ.