«ЖАҢА ЗАМАННЫҢ ДЕПУТАТЫ БАТЫЛ БОЛУЫ ТИІС»
Бекайдар ТӨЛЕГЕНОВ,
«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық мәслихатындағы фракциясының жетекшісі:
─ Бекайдар Мұсаұлы, былтырғы жылы күзде өткен съезде партия төрағасы — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың рөлін арттыру туралы тапсырма бергені белгілі. «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық мәслихатындағы фракциясында осы тапсырманы орындау мақсатында қандай жұмыс атқарылды?
─ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мемлекеттік басқарудың «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» дейтін формуласын ұсынғанын білесіздер. Парламент, мәслихаттар, жалпы өкілетті билік ықпалды болуы үшін не істеу керек? Мұның бір ғана жолы бар, ол депутаттардың белсенділігі, батылдығы. Сосын халқымызға «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген сөз бар ғой. Бір проблеманы жекелеген депутаттардың көтергені басқа да, бүкіл депутаттық корпустың көтергені мүлде бөлек.
Айтайын дегенім, ортақ азаматтық ұстанымы, келісілген позициясы болса, бірлігі бекем болса, фракция дегеніміз — үлкен күш. Егер алға бір мақсат, бір талап қойса, ортақ ұстанымы болса онымен жергілікті атқарушы билік те, басқалар да санасады. Жалпы, менің партияның Шымкент қалалық мәслихатындағы фракциясына жетекшілік жасап келе жатқаныма 8 жылға жуық уақыт болды. Сол уақыттан бері фракцияның жұмысын жетілдіру, оның ықпалын арттыру мақсатында тынбай ізденіп келеміз. Өзге өңірлермен салыстырғанда бізде фракция жұмысы дұрыс жолға қойылған деп сеніммен айта аламын. Өйткені, кейде өзге қалалар мен өңірлерде мәслихат сессиясында пікірталастар өршіп, дау туындап, сессия отырысы 2-3 сағатқа созылып кетеді екен. Ал, бізде күн тәртібіне шығарылатын кез келген мәселе әуелі тұрақты комиссияларда қаралған соң фракция отырысында талқыланып, әбден пісіп-жетілгеннен кейін ғана сессияға жеберіледі. Бұл жұмысты жүйелеуге, маңызды шешімдерді созбалақтамай дер кезінде қабылдауға мүмкіндік беріп келеді. Сондықтан да партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілетті биліктің ықпалын арттыру үшін бүгінде фракция жұмысын жаңа деңгейде ұйымдастыру туралы тапсырмасын ойдағыдай орындап жатырмыз деп айта аламын.
Жалпы, бүгінде елдегі ашықтық пен жариялылық жаңа деңгейге көтерілді. Бұрындары облыс жергілікті жерде көтерілген мәселелерді жоғары жаққа, орталық аппаратқа жеткізе бермейтін едік. Ал, қазіргі талап өзгеше. Қандай да болсын проблеманы ашық айтуға тиіспіз. Қазір біз Парламент Мәжілісіндегі облыстан сайланған депутаттармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Көтерген мәселеміз өңірде шешімін таппаса, оны Мәжілістегі әріптестеріміз арқылы Үкіметтің, тиісті министрліктердің алдына шығарамыз.
─ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік оппозиция институты қажет екенін айтқан болатын. Ендеше оппозициялық партия өкілдері де мәслихатта бірнеше мандат иеленуі мүмкінғой. Сұрайын дегенім, осындай өзгеріс орын алса, өзге фракциялармен бірлесіп, олармен бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге дайынсыздар ма? Мәслихат депутаттары арасында оппозиционерлер пайда болса, бұл Шымкент қаласының дамуына оң ықпал етер ме еді?
─ Жоғарыда айтқанымдай жаңа кезеңнің басты талабы ─ ашықтық пен жариялылық. Осы тұрғыдан алғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан парламенттік оппозиция институты заң шығарушы орган жұмысының тиімділігін арттырады. Сыни көзқарас пен балама пікірлер, қоғамның наразылығы Мәжіліс пен мәслихаттардың мінберінен айтылып жатса, бұл өкілетті билікті халыққа жақындата түсері сөзсіз. Сондықтан Президенттің бұл бастамасын ерекше қолдаймын.
Сайлау туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты алдағы сайлауда мәслихат депутаттары да партиялық тізіммен сайланатын болғаны белгілі. Біз Шымкент қаласы тұрғындарының басым көпшілігі «Nur Otan» партиясын қолдап дауыс береріне сенімдіміз. Өйткені, «Nur Otan» ─ нақты істердің партиясы. Ол өз сайлаушыларына берген уәдесін толық орындап, тұрғындардың сенімін ақтап келеді. Дегенмен, сайлауға қатысқан өзге партияларда белгілі бір мөлшерде дауыс алып, мәслихаттың құрамына енсе, олармен тығыз қарым-қатынаста, бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге әзірміз. Сол пікір алуандығы мен бәсекелестік Шымкент қаласындағы өзекті проблемалардың уақытылы шешіліп, мегаполистің көркеюіне оң ықпал етіп жатса, біздің де мақсатқа жеткеніміз емес пе?!
─ Бізде депутаттардың басымкөпшілігі кәсіпкерлер, қалталы азаматтар. Осыған қарап қоғамда «Байлар ғана мәслихат депутаты бола алады» деген стереотип қалыптасқан. Енді міне, партиялық тізім бойынша сайлау жүйесі енгізіліп жатыр. Қазір көпшілікті «Праймериз» деген тақырып қызықтырады. «Nur Otan» партиясында ол қалай жасақталады? Бұрын лауазымды қызметте істемеген, ірі бизнесі жоқ, есесіне белсенді азаматтық ұстанымы бар қатардағы шымкенттіктер «Nur Otan» партиясының атынан қалалық мәслихаттың депутаты болуы мүмкін бе? Теорияда «иә», ал, практикада ше?
─ «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің Бюро отырысында биыл 30 наурыз бен 16 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірлерінде жаңа форматта ішкі партиялық іріктеу — праймериз өткізу жөнінде шешім қабылданды. Елбасы «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шара деп есептеймін» деді. Праймериз қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясынан Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау алдындағы партиялық тізімдерге енгізу үшін кандидаттар анықталады. Әрине, коронавирус инфекциясына байланысты бүкіл елімізде төтенше жағдай жариялануына орай бұл ішкі іріктеудің де мерзімі өзгеруі мүмкін. Өйткені, партияның Саяси кеңесінің жоспарланған отырысы да кейінге қалды. Дегенмен, бұл әдіс үміткерлердің тізіміне ең лайықты адамдарды таңдап алуға мүмкіндік береді.
Бұрын мәслихат сайлауы бір мандаттық округтер бойынша өтетін еді. Кейбір азаматтар өз округінде танымал, беделді болуы мүмкін. Әрі сол аймақтағы тұрғындарға түрлі уәделер беріп, олардың дауысын алуға тырысатын. Мұндай жағдайда Сіз айтқандай, қалталы, кәсіпкер азаматтардың мүмкіндігі басымдау болуы ықтимал еді. Ал, ендігі жерде партиялық тізімге ілінгісі келетін кандидаттар бүкіл қаламен жүмыс істеуіне тура келеді. Мәселен, бір ғана Шымкент қаласында партияның 23 мыңнан астам мүшесі бар. Праймеризден өткісі келетін адамның оның бәрін бірдей тануы, оның бәрімен бірдей келісіп алуы мүмкін емес. Сондықтан бұл жерде кім белсенді болып, сайлаушылардың көзіне түсе білсе, кім өзінің ұтымды ұсыныстарын халыққа түсіндіріп, нақты істер атқара білсе, сол жеңіске жетеді. Менің ойымша, біздің фракцияның құрамы сайлаудан кейін айтарлықтай жаңарады. Қазіргі депутаттардың жартысынан көбі праймеризден өтпей қалуы да мүмкін. Өзім фракцияның жетекшісімін, сайлаушылармен барынша тығыз байланыста жұмыс істеп, көпшілікке танылып, олардың сенімін ақтауға тырысып-ақ жүрмін. Алайда, менің өзім праймеризден өтіп, партиялықтізімге қосыларыма жүз пайыз сенімді емеспін.
Сондықтан алдағы сайлауда партияның атынан депутат атанатындардың қатарында қарапайым еңбек адамдары, қатардағы мұғалімдер мен дәрігерлер, ақпарат саласының, мәдениет пен руханияттың өкілдері, жалпы қоғамдық пікірдің лидерлері мен белсенді азаматтар көбейері сөзсіз.
─ Бүгінде партия қоғамдық қабылдауларды «Open space» форматына көшіріп жатыр. Мақсат белгілі, халықпен кері байланысты күшейту, қоғамдық қабылдау жұмысын жетілдіру. Жалпы, «Nur Otan» партиясына деген халықтың сенімін күшейте түсу үшін осы бір жоба жеткілікті ме? Тағы не істеуге болады?
─ Иә, партияның қоғамдық қабылдау кеңсесі «Open space» форматына көшті. Бұл халық пен билік арасын жақындатып, түйткілдерді тиянақты шешуге арналған диалог алаңы ретінде құрылған орталық. Дегенмен, бұл жалғыз жоба емес. Қазір партияны қайта жаңғырту бағдарламасы және «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» секілді әлеуметтік жобалар да табысты орындалуда. Партияның Шымкент филиалы тарапынан алдағы уақытта өзге де тың жобалар жүзеге асырылмақ.
Қазіргі таңда көшбасшы партия қолға алған пилоттық жобаның тағы бірі — партияның кадрлық резервіне үміткерлерге іріктеу жүргізу. Бұл шара өз ой-пікірін көпшіліктің алдында қаймықпай батыл жеткізе білетін, елді соңынан ерте алатын қасиетке ие адамдарды халық арасынан табуға мүмкіндік береді. Мұның барлығы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасына орайластырылып қолға алынып жатыр.
─ Елімізде жоғары билік ауысты. Уақыт өзгерді. Қанша сабақтастық бар дегенімізбен, жаңа заман туып келе жатыр. Осы жаңа заманның депутаты қандай болуы керек? Бірер сөзбен айтып беріңізші…
─ Елбасы ендігі сайлауда партиялық тізімге жастарды көбірек қосу керектігін айтты. Демек, келесі шақырылымда депутаттардың қатарында белсенді жастар көбейеді. Меніңше, жаңа заманның жас депутаты, ең әуелі, батыл болуы керек. Жалтақтық депутатқа жараспайтын қасиет. Өз ойын, көзқарасы мен ұстанымын, сайлаушыларының проблемаларын ешкімнен, ештеңеден тайсалмай жеткізетін азаматтар депутат болуы тиіс. Сонда Парламенттің де, мәслихаттың да халық алдындағы абыройы артады. Сосын құқықтық мәселелерді, бюджетті, экономиканы, шаруашылықтың түрлі салаларын түсінетін білім мен біліктілік және тәжірибе де қажет қой.
Соңғы жылдары тұрғындардың өз наразылығын ашық білдіруі жиі кездесетін болды. Бәлкім, бұл белгілі бір дәрежеде өкілетті органдардың әлсіздігін көрсететін болар. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша митингілер мен жиналыстардың еркіндігі туралы жаңа заң жобасы әзірленді. Тек митинг өткізушілер өзге тұрғындардың қауіпсіздігіне және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі тиіс. Бұл да өркениетті, демократиялық қоғамның орнай бастағанының нышаны. Дегенмен, ойлап отырсақ, егер сол азаматтардың алаңдарда айтып жатқан өткір проблемаларын Мәжіліс пен мәслихат депутаттары биік мінберлерден дер кезінде ашып айтса, адамдардың жанайқайын жеткізсе, бәлкім митингтер азырақ болар ма еді? Сондықтан ендігі жерде депутаттардың мойнына зор жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекеттік саясатты халыққа түсіндірумен шектелмей, тұрғындардың өткір проблемаларын, күнделікті өмірде туындаған қиындықтарын биліктің алдында ашық әрі батыл айтуы тиіс. Сонда ғана әріптестеріміз халық пен билік арасындағы шынайы алтын көпір бола алады.
─ Түрғындардың проблемалары деп жатырсыз. Қазір Шымкенттегі ең өзекті проблема қайсы?
─ Шымкенттегі ең өзекті проблема — ауыз су. Әрине, апатты мектептердің жағдайы, медицина мекемелерінің жеткіліксіздігі, қоғамдық көлік мәселесі, баспанаға мұқтаж отбасылардың азаймай отырғаны секілді бір-бірінен маңызды проблемалар жетерлік. Алайда, ауыз су мәселесі ерекше маңызға ие.
Қазір қаладағы 81 елдімекеннің 63-і ауыз сумен толық қамтылған. 10-ы жартылай қамтылса, 8 елдімекен тіршілік нәрін тасып ішеді. Қамтылу деңгейі 94,7 пайызды құрап отыр. Яғни, әлі де 60 мыңнан астам қала тұрғынының ауыз су мәселесі толық шешілмеген. XXI ғасыр жағдайында елдегі үшінші мегаполис тұрғындарының ауыз суды тасып ішіп отырғаны ұят жағдай. Қазір қаланың солтүстік шағынаудандарында ауыз су құбырының қуаты жетіспейді. Проблеманы шешу үшін 3 магистралды құбыр салу қажет. Биыл қалалық бюджеттен осы мақсатқа 441 млн. теңге қаралды. Бұл қаржыға 8 елдімекенді сумен қамтитын 2 магистралды құбыр құрылысы басталады. Қазір мердігер анықталуда. Сонымен қатар шеткі 5 елдімекенді сумен қамтитын магистралды құбыр салынуда.
Алдағы бесжылдықта тұрғындар саны 200-ден асатын барлық шағынаудандарға орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылады. Ал, қалған елді мекендерде модульдік блоктар орнатылады. 2025 жылға қарай қала тұрғындары таза ауыз сумен 100 пайыз қамтылуы тиіс. Қазір біз осы мәселеге ерекше басымдық беріп отырмыз.
─ Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ.
«Шымкент келбеті».