ТҮЛКІБАСТЫҚТАР ИГІ ІСКЕ КІРІСТІ

 

Қашанда тың бастамасымен ерекшеленетін Түлкібас ауданы әкімдігі аз қамтылған отбасыларға бетперде таратуды қолға алды. Аудан басшылығының ұйымдастыруымен 10 ірі мектепте шағын цех ашылып, ол жерлерге барлығы 200 тігін машинасы орнатылды.

 

Цехтарда білім ұяларындағы еңбек және техникалық пән мұғалімдерінің көмегімен бетперделер тігу жолға қойылды. Мұғалімдер жұдырықтай жұмыла кіріскен бұл қайырымдылық шараға жергілікті тұрғындар мен еріктілер де атсалысуда.

Осы ретте бірнеше рет пайдалануға жарамды қорғаныс құралдарын тігуге мектеп мұғалімдері өздері ниет танытқанын баса айта кетейік.

Аудандағы 10 мектепте ашылған цехтарда тәулігіне 10 мың дана бетперде тігіледі.

Еңбекке жақын, іске епті азаматтардың қолымен жасалып жатқан бетперделер коронавирус індеті бойынша қауіпсіздік шаралары ретінде жүзеге асып отыр. Бетперделерді тігуге қажетті шикізаттар жергілікті сауда орындарынан сатып алынуда. Аудан әкімдігі таяуда бұл іске кәсіпкерлерді тартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Мектептен ашылған тігін цехтарында дайындалып жатқан бетперделердің сапасы мен олардың тиісті талапқа сай болуын сала мамандары бақылауда ұстайды.