«ТҮЛКІБАСТА БАСТЫ ПРОБЛЕМАЛАР ОҢ ШЕШІМІН ТАПҚАН»

 

Нұрбол ТҰРАШБЕКОВ, Түлкібас ауданының әкімі:

– Жуырда Сіз өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша халыққа есеп бердіңіз. Сонда Сіз көптеген салалар бойынша пайыздық көрсеткіштердің өткен жылмен салыстырғанда біраз түзелгенін жалаң сөзбен емес, дәйекті мысалдармен келтірдіңіз. Алдағы жоспарларыңызды сараладыңыз. Жұмысыңызға билік те, халық та оң бағасын берді. Дей тұрғанмен, қазіргі таңда ауданда шешімін күтіп отырған негізі мәселелер бар ма, сол жөнінде айтып өтсеніңіз.

– Түлкібас ауданының 98 пайызына көгілдір отын жеткен. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 100 пайыз болатын. Бірақ соңғы 7-8 жыл ішінде ауданда қосымша елді мекендердің ішінде жаңа көшелер бой тіктеді. Ол жерлерге газ жүргізу үшін былтыр облыстық бюджеттен 115 млн. теңге қаралды. Соған сәйкес, Т. Рысқұлов ауылы және Қабанбай елді мекендердің жаңа көшелеріне газ тарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы ауданда жүдеген, жүзі сынық ауыл жоқ. Жарық, су мәселесі бойынша да жылдар бойы шешімін таппай жатқан мәселе жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен реттеліп жатыр. Алайда, ауданда шешімін таппай жатқан негізгі мәселе – елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатқаны. Қазіргі таңда ауданда 572 шақырымға жалғасқан 111 канал бар. Олардың барлығы республикалық меншікте. Былтыр аудандағы демеушілердің есебінен 63 шақырымға созылған канал механикалық тазаландырудан өтті. Биыл 90 шақырымнан асатын арық-атыздарды тазалаудан өткізетін боламыз. Қазірдің өзінде оның 38 шақырымын тазалаудан өткіздік. Бұл жұмыстардың барлығы аудан тұрғындарының үй-іргелік жерлеріндегі егінді ағын сумен қамтамасыз ету үшін аса қажет. Өкінішке орай халықтың көпшілігі жаздың күндері үй-іргелік жерлеріндегі егісті суғару үшін ауыз суды ағын су ретінде кәдеге жаратады. Егер де арық-атыздарды механикалық тазаландырудан жүйелі түрде өткізетін болсақ, бұл мәселеге тоқтам болар еді.

Шыны керек, қазіргі таңда аудандағы каналдардың арнасы жүйелі түрде аршылмағандықтан бітелген. Салдарынан егістік жерлердің барлық аумағына су бармайды. Мысалы, ауданда 63194 гектар егістік жер бар. Оның 13500-і гектары ғана суармалы жер.

 

– Бұдан билік хабардар ма?

– Былтыр каналдардың басындағы тоғандарды күрделі жөндеуден өткізу бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Ол республикалық бюджетке ұсынылған. Мәселенің өзектілігіне мән берген республикалық бюджет есебінен осы бағыттағы жұмыстар үшін 3 млрд. 400 млн. теңгені үш жылға бөліп беру туралы шешімге келген. Бірақ атқарылатын тірлік түйе толғақтың кебін киді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы ойдағыдай өткізілмеді. Конкурс соңы мердігер мекемелердің соттасуымен жалғасып, іс тұралап қалды. Сөйтіп былтыр қаралған қаржы осы жылға шегерілді. Бұл жұмыстарды атқаратын мердігер мекеме осы жылдың шілде айында анықталады деген сенімдеміз. Егер жұмыстар ойдағыдай тындырылатын болса 10615 гектар жер суармалы жер санатына енгізілетін болады. Суармалы жер алқапты асқа толтыратыны белгілі. Одан бөлек, былтыр республикалық бюджеттен канал құрылысын жүргізуге 384 млн. қаржы бөлінді. Нысан осы жылға өтпелі. Оның нәтижесінде тағы 1115 гектар жер суармалы санатқа қосылады. Қазір жұмыстар жүріп жатыр. Ол осы жылы толыққанды аяқталады. Мердігер мекеме Жамбыл облысының компаниясы екен.

 

– Аудан тұрғындары сізге қандай өтінішпен шығады?

– Осы жылдың басында барлық елді мекендерде есеп өткіздік. Сол кезде халықтың басым көпшілігінің білдірер базынасы ауылдың ішкі көшелерін жарықтандыру болып табылады. Бұл мәселе алдағы үш жылда толыққанды шешіледі. Сонымен қатар, бірқатар елді мекендерге мәдениет үйінің соғылуы, белгілі бір орындарға банкомат орнату, егін егу мақсатында жер беру, бағдаршам қою, жол кедергілер орнату және т.б мәселелерді алға тартады.

 

– Бұрындары осы ауданда мектеп мәселесі күрделі болған. Ал қазір ше? Ауданда үш ауысымды немесе апатты жағдайдағы мектептер мәселесі қазір қандай деңгейде?

– Бізде апатты және үш ауысымды мектеп жоқ. Ауданда жыл сайын халық санының өсуі оң динамиканы көрсетіп келеді. Осыған орай алдағы уақытта Түлкібас ауданында бала санының көбеюіне байланысты мектептердің үш ауысымды жүйеге ауысуын болдырмау үшін, бірқатар білім ұяларына қосымша ғимараттарды салу қажет. Осы бағытта былтыр аудан орталығындағы А.Пушкин атындағы мектеп жанынан 150 орындыққа лайықталған қосымша ғимарат салынды. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 6 мектеп жанынан қосымша ғимараттар салуды жүргіземіз. Соған сәйкес, Бреусов, Шевцов, Кошевой, Сеславино, Алтынсарин, Жамбыл мектептеріне 150-200 орындық ғимарат салу бойынша былтыр қаржы бөлінді. Құрылысы осы жылға өтпелі. Нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл құрылыс жұмыстарының барлығы ауданда бала санының көбеюіне орай жасалуда. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту мәселесі ауданда түпкілікті шешілген.

 

– Сіз осыдан екі жыл бұрын «Уақыт» газетіне берген сұхбатыңызда ауданда 1608 адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын алға тартып, «1608 адамның өтінішін біз 2021 жылы толық қанағаттандырамыз деген үміттеміз» деп уәделі мәлімдеме айтқансыз. Баспана алу үшін кезекте тұрғандардың қатары қысқарды ма?

– Керісінше тұрғын үй кезегіне тұрғандардың қатары артып кетті. 2017 жылы жоспарланған кезде Түлкібас елді мекенінен 10 үй, Састөбе елді мекенінен 10 үй және аудан орталығынан 10 үй салу арқылы кемінде 1400 адамды баспанамен қамтамасыз етеміз деп күткенбіз. Екінші кезекте аудан орталығын кеңейту мақсатында тағы 7 үй саламыз да, барлығы 1750 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеміз деп ойлағанбыз. Қазіргі таңда біз аудан орталығынан 10 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтадық. Оның үшеуін пайдалануға енді береміз. Састөбе елді мекенінен 32 пәтерден тұратын 2 үйді пайдалануға бердік. Соның өзінде қазір бізде 1700-ге жуық адам кезекте тұр. Өткен жылы 192 пәтер, арғы жылы 184 пәтер берілді. Биыл 188 пәтер береміз. Соған қарамастан кезекке тұрғандардың саны көбейді. Өйткені өзге адамдар да үй беріліп жатқанын көріп, біліп, кезекке тұрып жатыр. Мысалы, соңғы он жылда ауданда тұрғын үй кезегіне 1600 адам жазылды. Содан ол адамдардың 700-не пәтер берілді. Нәтижесінде кезекте 900-дей адам қалу керек еді. Бірақ керісінше 600-дей адам тағы кезекке тіркелді.

 

– Осыдан бірер жыл бұрын ауданда егістік жерлердің көлемі 65400 гектарды құрайтын. Қазір өзіңіз оның аумағы 63194 гектарды құрайтынын айтып қалдыңыз. Егістік жер көлемінің қысқаруының себебі қандай?

– Себебі біз аудандағы 62 елді мекеннің 60-ның шегіне өзгеріс енгіздік. Азаматтарға тұрғын үй салу үшін жер телімін үлестіру мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді елді мекен шегіне өткіздік. Ендігі кезекте елді мекендердің егжей-тегжейлі жоспары жасалады. Содан соң ол жерге инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу бағытында жобалық-сметалық құжаттар дайындалады.

Қазіргі таңда ауданда жер телімін алу үшін 6190 азамат өтініш білдірген. Сол азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі біршама азайды. Бүгінде шегі өзгерген 60 елді мекеннің 19-на инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстар бойынша ЖСҚ дайындалған. Ең бірінші кезекте халық өтініші көп түскен Балықты, Састөбе, Түлкібас елді мекендеріне инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Ол жыл соңына дейін игеріледі. Нәтижесінде биыл жыл аяғына дейін 600-ден аса жер телімі таратылады. Бұл жұмыстар жыл сайын жүргізіледі. Жоғарыда атап өткен 19 елді мекеннің 3-не бюджеттен ақша қаралды. Қалған 16-на алдағы үш жылда бюджеттен ақша қаралады деген үміттеміз. Нәтижесінде 6190 тұрғынның кемінде 5000-ға жуығын жер телімімен қамтамасыз етеміз.

 

– Аудандағы салық түсімінің көрсеткіші қандай?

– Өткен жылы ауданның бюджеті 2 млрд. 904 млн. теңге болды. Аудан бюджетінің бүйірі көлік, жылжымайтын мүлік пен жер салығы есебінен түгесіледі. Біздің ауданда 21 мыңнан астам автокөлік бар. Солардың ішінде 5 мыңнан астам көлікке ешқандай салық төленбеген. 2018 жылдан бастап біз осы олқылық бойынша жұмыс істедік. Яғни олардың барлығына салықтың төленуін жолға қойдық. Істен шыққан, айдауға жарамсыз болып қалғандарын тіркеуден шығардық. Көлік салығы соңғы екі жылда 75- 80 млн. ға артты. Сонымен қатар, кәсіпкерлік ісін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жүргізіп жүрген аудан тұрғындарының салығын осы жерде тіркеттік.

Нәтижесінде соңғы екі жылда ауданның кірісі 400-500 млн. теңгеге ұлғайды. Сонымен қатар, 54 заңды тұлға мен 150-ден астам жеке кәсіпкерлерді тіркеттік. Одан бөлек, аудандағы барлық ғимараттарды қайта бағалаудан өткіздік. Жасыратыны жоқ көптеген ғимараттардың бағасы салық құнымен сәйкес келмейді. Қайта бағалау жұмыстары негізінде осы бағыттағы салық көлемі 12 млн. теңгеге ұлғайды.

 

– Биыл атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы бойынша ауданда қанша отбасы мемлекет қамқорлығына қол жеткізеді?

– Өткен жылы ауданымызда 4018 отбасыға АӘК тағайындалды. Оларға 2 млрд. 257 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде АӘК 3543 отбасы шартты, 475 отбасы шартсыз негізде алды. Шартты негізде алған отбасының 3273-і нәтиже көрсетті. Яғни, олар өздерінің алған қаражатына қой, тауық алып шаруашылықпен шұғылдануға бет бұрды. Нәтижесінде сол АӘК тағайындалған 4018 отбасының 1261-і табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі тізімінен шықты. Соның есебінен 1261 отбасыға АӘК тағайындау тоқтатылды.

Бүгінде ауданда 28843 отбасы бар. Былтыр 4018 отбасыға АӘК тағайындалғанын атап өттім. Жаңа формат бойынша АӘК алуға жыл басынан бастап 602 өтініш білдірілген. Оның ішінде 430 отбасыға АӘК тағайындалған. Жыл соңына дейін 1800-1900 отбасыға АӘК тағайындалады деген болжам бар.

 

– Жуырда Сіздің бастамаңызбен Мекемтас Мырзахметовке шығармашылық үй соғылып берді. Құптарлық дүние. Мұндай ой сізге қайдан келді?

– Мекемтас ағамызбен кезекті бір емен-жарқын жүздесу кезінде туған ой бұл. Ол кісі қызмет бабымен Шымкент пен Тараз қаласында көп жүреді. Ал Түлкібас осы екі аймақтың ортасында орын тепкен. Оның үстіне өзінің де туған жері. Екі қаладағы барыс-келісі кезінде туған ауылына өтіп, осы жерде де шығармашылықпен айналысып жатқаны бізге абырой ғой.

 

– Сіздің шығармашылық адамдарға ерекше құрмет көрсетіп жүретініңізді жиі байқаймыз. Бұл сіздің шығармашылыққа жақындығыңыздан ба әлде өз жұмысыңызды жарнамалаудың әдісі ме?

– «Сөз өнері – өнердің ең биігі» деген. Мен шығармашылыққа шын берілгендерді ерекше азаматтар ретінде құрметтеймін. Және олардың еңбектері халық үшін жасалып жатқан дүние. Сондықтан да оларға игі жақсылық сыйлау қажет деп санаймын.

 

– Ауданда мал ұрлығы жайында айтып өтсеңіз?

– Былтыр тіркелген қылмыс саны 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға азайған. Қылмыстың ашылуы 87-88 пайызға жеткен. Иә, ауданда орын алатын қылмыстардың басым көпшілігі мал ұрлығы. Бұған дейін осы санаттағы қылмыстар үшін тараптардың бітімге келуіне болатын еді. Енді жыл басынан бастап бітімгершіліктің болуына тыйым салынып, заң қатайтылды. Осы мақсатта ауданда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мал ұрлығы санының азаюына ықпал етеді деп сенемін. Өзге де қылмыстарды алдын алу мен болдырмау мақсатында ауданымызда адам көп шоғырланатын 24 жерге бейнекамера орнатылды.

 

– Жоғарыда бірқатар жұмыстардың демеушілер есебінен орындалғанын тілге тиек еттіңіз. Кәсіпкерлер ауданда тағы қандай жұмыстардың орындалуына жомарттық танытты?

– Былтыр ауданда «Ана мен бала» монументі қойылды. 63 шақырым канал тазаланды. Одан бөлек облыс әкімінің «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша ауданда 93 отбасы бақылауға алынды. Онда 540 тұрғын бар. Бұл азаматтардың тұрмысының түзелуіне жағдай жасауды өз бақылауымызға алдық. Соған сәйкес біз бірінші кезекте еңбекке қабілетті 58 азаматты жұмысқа орналастыруға кірісіп кеттік. Сонымен қатар, «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша тіркеуге алынған әр отбасының үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бұл бағыттағы жұмыстарға демеушілерді тартамыз. Аталған бағдарлама бойынша көпбалалы және аз қамтылған 4 отбасыға демеушілер есебінен үй салынып берілді.

 

– Жалпы кәсіпкерлерге артылған сенім де оларға артылған жауапкершілік те жоғары екенін байқап қалдық. Азаматтарға қол ұшын созған жақсы ғой. Бірақ Сіздер кәсіпкерлерге үлкен салмақ салып жатырмыз деп ойламайсыздар ма?

– Біз талап қоймаймыз. Ұсыныспен шығамыз. Шешімді қабылдау олардың патша көңілдерінде. Демеушілік пен қайырымдылық жұмыстар жүрек қалауымен жасалып жатқан дүниелер. Осы сәтті пайдалана отырып, мен ол кісілерге аянып қалмай, сөзімізді жерге тастамай, көмекке мұқтаж азаматтар үшін қолдан келер көмегін жасап жатқаны үшін мың да бір жұпар рахмет айтамын.

 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұқбаттасқандар:

Балтабек  Түйетаев,

Талғат Балтабаев.