15 МЫҢНАН АСТАМ БАЛАҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТОПТАМАСЫ ТАРАТЫЛУДА
Шымкентте 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек бойынша 19 587 отбасыдан немесе 98 313 адамнан өтініш қабылданды. Соның ішінде 15 833 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындалып, 2 378 өтініш кері қайтарылды.
Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қаңтар айы бойынша 9068 отбасыға 455 млн.теңге төленді. Оның ішінде 6 363 отбасы шартты, 2705 отбасы шартсыз негізде АӘК алды. Ал ақпан айында 15 727 отбасыға 983 млн.теңге берілді. Олардың ішінде АӘК 12 127 отбасы шартты, 3 600 отбасы шартсыз негізде берілді.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің тәртібі бойынша тағайындалған отбасылардың балаларына «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» ұсынылатыны белгілі. Қазіргі таңда 8 891 отбасындағы 15 949 балаға қаңтар айының азық-түлік топтамасы берілуде. Кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың берілуі 1-3 жас және 3-6 жас аралығындағы балаларды қамтиды. Шымкент қаласы бойынша «Кепілдендірілген әлеуметтік топтамасы» «Magnum» ЖШС-нің 4 ірі сауда орталығы арқылы берілуде.
Шымкентте «Magnum» сауда желілері Әл-Фараби ауданы, Әйтеке би көшесі мен Володарский көшесінің қиылысындағы «Жамалбек-Кажы» сауда орталығында, Бәйдібек Би көшесі №25 ғимаратындағы «Nauryz park» сауда орталығында, Енбекші ауданы, Ж. Шаяхметов көшесі № 5 «А» ғимаратында, Абай ауданы, «Бекжан Комфорт» сауда орталығында орналасқанын қаперіңізге сала кетейік.
Атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындардың «Magnum» сауда үйінің сайтына (magnum.kz) кіріп, ЖСН енгізу арқылы жиынтықты қай жерден алып кетуге болатынын біле алады.