«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Шымкентте осы аптаның сәрсенбісінен бастап «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспаналы болуға ниет танытқан азаматтардан өтінімдер қабылдау басталды.
Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Шымкент қалалық филиалы хабарлады. Банк берген дерекке сүйенсек, аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджет тарапынан бөлінетін лимит мөлшері екі есеге ұлғайтылды. Ол 100 млрд. теңгені құрайды. Бөлінетін бұл қаржы арқылы қолжетімді заемдар осы жылы шамамен 10 000 отбасыға беріледі деп жоспарлануда.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қатыса алады. Ол үшін аталған санаттағы отбасылар жергілікті әкімдіктен отбасының мәртебесін растайтын жолдаманы алады. Содан соң банкке келіп, заем алуға өтінім беру қажет.
Заем мөлшерлемесі бұрынғысынша жылдық 2%-ды құрайды. Бастапқы жарна көлемі 10%.
«Бақытты отбасы» табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасына үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы, толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар ғана қатыса алады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін баспанаға мұқтаж отбасы ретінде әкімдікте кезекте тұруыңыз шарт.
Бұдан бөлек, өз атыңызда және бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы тиіс.