ШАҺАРДА 5 ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ ДҮҢГІРШЕК АШЫЛАДЫ
Аптаның сәрсенбісінде Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық туризм басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Қалқабаев «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» бағдарламасы бойынша өткізілетін іс-шараларды өз деңгейінде өткізу мақсатында атқарылып жатқан дайындық жұмыстары жөнінде баспасөз брифингін өткізген.
Өз кезегінде ол журналистерге «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында қалада атқарылып жатқан біраз жұмыстарды баяндап берді.
Азамат Мұратбекұлының айтуынша, биыл ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы ретінде Шымкентке келетін қонақтардың қыдырыстап, серуендеуіне жайлылық сыйлау үшін қалада 5 туристік ақпараттық дүңгіршек орналастырылатын болады. Бұдан бөлек, барлығы 30 нысанға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде QR-төлқұжаттар орналастырылады. Бүгінгі дейін 20 нысанға төлқұжат қойылған. Бұл QR-төлқұжаттарға аудиогидтер жазылып, IZI travel халықаралық туристік платформасымен интеграцияланған.
Сонымен қатар, қаланың 30 нүктесіне туристік нысандарға бағыттайтын стеллалар дайындалу үстінде. Олар мамыр айының басында дайын болады.
Сондай-ақ, туристік нысандарға бағыттайтын стеллалар әзірленуде. Жақын тұрған туристік нысан туралы ақпарат беріп, картада оның орналасу нүктесін көрсете алатын стелалар қаланың 30 нүктесінде мамыр айының басына дейін қойылады.
Дәл осы уақытта туристерге ақпарат беретін таблоларға қаланың 3D туристік картасы енгізіледі. Қонақтарды Шымкенттің көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында қалалық туризм басқармасы тарапынан жарнамалық ақпараттық бүктемелер мен карталар дайындалды. Олар қаладағы қонақ үйлер мен әуежайларға орнатылды. Қазақстандық және шетелдік азаматтарға Шымкент туралы кеңінен ақпарат тарату мақсатында Instagram, facebook әлеуметтік желілерінде visit_shymkent_kz парақшасы жұмыс істеп тұр.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Қалқабаев қазіргі таңда «Цитадель» қамалының VR-ролигі әзірлену үстінде екенін жеткізді. Қамал осы жылдың маусым айында ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек ол, осы жылдың екінші жартыжылдығында қалада «Туристік клуб» ашу жоспарланып отырғанын алға тартты. Аталған клубта туризм мамандығына ықаласы бар өрендердің аталған салаға деген ынтасын ерте кезден бастап шыңдау жұмыстары қолға алынбақ. Өз кезегінде бұл жоспар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Аталған бағдарлама негізінде сәуірде «Арбат» жаяу жүргіншілер көшесінде екінші «Қызғалдақ жолы» мерекелік фестивалі өтетін болады. Бұдан бөлек, алдағы сәуір айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, этно-туризмді дамыту, сондай-ақ, ТМД елдерінен келетін қонақтарға ұлттық қолөнерді насихаттау мақсатында «Этно Шымкент» қолөнершілер фестивалі өткізіледі. Бірнеше айдан соң, дәлірегі қазан айында «Дәмді Шымкент» гастрономиялық фестивалін өткізу жоспарлануда. Аталған фестивальдер тек осы жылмен ғана шектеліп қалмай, алдағы жылдары оның дәстүрлі түрде өткізілуі межеленіп отыр.