«ҚАУІПСІЗ МЕКТЕП» ҚЫЛМЫСТЫ АЛДЫН АЛАДЫ
Шымкентте «Қауіпсіз мектеп» жедел профилактикалық іс-шарасы басталды. Аптаның сәрсенбісінде бастау алған бұл шара 15-наурызда қорытындыланады.
«Қауіпсіз мектеп» іс-шарасы Шымкент қалалық полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткізілуде. Шара аясында тәртіп сақшылары білім ұяларының өкілдерімен бірлесіп, оқушылармен кездесіп, оларға кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен заңға қайшы әрекеттер төңірегінде түсіндірулер жүргізетін болады. Осындай бағыттағы іс- шаралардың бірі қаладағы Саттар Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейде өткізілді. Аталған білім ұясында полицейлер оқушылармен жүздесіп, жасөспірімдер арасындағы заңға қайшы мінез-құлықтарды алдын алу туралы профилактикалық сұхбат жүргізді. Полиция департаментінің инспекторлары оқушыларға салауатты өмір салтын ұстану туралы кеңестер берді.