ЖОСЫҚСЫЗ ЖАРНАМАЛАР ЖОЙЫЛАДЫ

«Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» аясында өтетін халықаралық шаралардың салтанатты ашылуы алдағы наурыз мейрамы қарсаңында өтетіні белгілі. Жуырда осы бағытта үшінші мегаполис төрінде халықаралық 34 шараның өтетіні жалпақ жұртқа жария етілді. Осыған орай Шымкентке жан- жақтан қонақтар келетіні белгілі. Бұл ретте заңсыз жарнамалық маңдайшалар мен хабарландыруларды жоюдың маңызы зор. Себебі көзге қораш көрінетін ондай жосықсыз жарнамалар қаланың келбетін қашыратыны сөзсіз.

Жуырда Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында осы мәселеге баса мән берілді.

Шымкентті аралай қалсаң фонарлы бағаналар, аялдамалар, шағын сәулет нысандары мен ғимарат қабырғаларынан түрлі мағынадағы хабарландырулар мен жарнамалар жазылған қағаздардан көз сүрінеді. Ондағы ақпараттардың қаншалықты шынайы екені бір бөлек тақырып. Ал сол жарнама қағаздарын жабыстырып жүрген азаматтардың көпшілігі зейнеткерлер мен студенттер. Олар бұл ісінің заңсыз екенін білмейді. Тіпті дүңгіршектерді жалға алған азаматтарда сондай хабарландыруларды орналастыруға жол беру заңға қайшы екенінен хабарсыз. Заң негізінде жауап беруші мен салық төлеуші тап өзі екені белгілі. Енді оған қалай тосауыл қою керек?

Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев ортаға осындай мәселе тастады.

Сонымен қатар ол, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 605 — бабына сәйкес базардағы әрбір шағын кәсіп иесі өз дүңгіршегіне жарнама орналастыруға рұқсат беретін болса, айына кем дегенде 300 мың теңге дейін салық төлеуі тиіс екенін айтты. Өкінішке орай қазіргі таңда мұндай бағыттағы жарнамалардан қала қазынасына ешқандай түсім түспеген екен.

Басқосуға келген тиісті сала мамандары дүңгіршектерді жалға алып, содан нәпақа тауып отырған адамдар оның қасбетінің жарнама тақтасына айналып кетуі заңсыз екенін білмейтінін жақсы түсінетінін, осы ретте түсіндіру шаралары жүргізіліп, оның қайталануына жол бермеуі назарға алынатынын айтты.

Қаланы заңсыз жарнамалармен артық хабарландырулардан тазарту ісіне «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ғана емес, еріктілер де атсалысты. Атап айтқанда, Еңбекші ауданында 50 ерікті жас заңсыз жарнамаларға өз қарсылықтарын сөзбен емес, нақты іспен көрсету үшін бірқатар көшелерге тазалық жұмыстарын жүргізді.

Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Жас Отан» жастар қанаты еріктілері Елшібек батыр және Орынбай ақын көшелеріндегі шарбақтар, бағаналар мен аялдамаларға жөн-жосықсыз жабыстырылған заңсыз жарнамалардың көзін жойды.

Осыған ұқсас игі іс Қаратау ауданында да өткізілді. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шарада заңсыз ілінген жарнамаларға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Мақсат – қала көркін ретке келтіру. Нәтижесінде аудан аумағында орналасқан 150-ге жуық заңсыз жарнама анықталып, жойылды.

Аудан әкімдігінің өкілдері мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын алға тартты.