ҚОРДАЙ ОҚИҒАСЫ: ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР КҮН САЙЫН КӨБЕЮДЕ
Ағымдағы жылдың 7-ақпанында Жамбыл облысы, Қордай ауданында болған жаппай төбелес бойынша әртүрлі эпизодтағы 90-ға жуық қылмыстық іс қозғалды. Жүздеген адамнан жауап алынды. Бұл туралы ҚР ІІМ орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.
Қазақтар мен дүнгендер арасында болған төбелестен 11 кісі қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Ондаған үйлер, коммерциялық нысандар мен көліктер өртенген.
Жұртты дүр сілкіндірген оқиғадан алдын Қордайдағы Масаншы ауылында екі бұзақылық жағдай орын алғаны белгілі. Соның бірі екі көліктің жолға таласып, шекісіп қалғаны. Оның бірі әкесін ауруханаға апара жатқаны туралы бұған дейін айтқанбыз. Одан кейінгі екінші оқиға құжатын көрсетуді талап еткен полицейлерге көлік жүргізушісінің туған-туыстарымен бірге қарсылық көрсетуі болды.
Ішкі істер министрлігі бұл іске қатысы барлардың қамауға алынғанын хабарлап, оларға қатысты іс Қордай аудандық сотына жолданғанын мәлімдеді. Бірақ, ресми билік Қордай оқиғасы туралы қозғалған істер бойынша күдікті ретінде ұсталғандар мен тұтқындалғандар саны нақты қанша екені туралы жақ ашпайды. Мұның себебін Марат Қожаев «Жанжалды қоздырушылар жайлы ақпаратты кейін аласыздар. Айғақ-дәлел жинау жалғасып жатыр. Жақын күндері Қордай оқиғасы қалай болғаны, кімдер кінәлі екені туралы ақпарат береміз. Біз ештеңені жасырмаймыз, қажет болған кезде барлық мәліметті сіздерге береміз. Қылмыстық іс өте көп, күн сайын қосылып жатыр», — деп түсініктеме берді.
Естеріңізге сала кетсек, құзырлы орган Қордайдағы жанжалдан соң бірер күн өткенде оқиға бойынша 25-тен астам қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар сол кезде Үкімет жанынан құрылған комиссия оқиға орнына барып, жанжал салдарынан болған шығынды есептеп, оның қорытындысын бірер күнде жариялайтынын жеткізген. Бірақ 7-ақпандағы Қордай оқиғасы бойынша шығын көлемі әлі күнге дейін белгілі болған жоқ.
М. ӘБДІРАЙЫМ.