КОРОНАВИРУСТЫҢ ТАРАУЫ ТОҚТАМАЙ ТҰР

Кешегі ресми мәлімет бойынша Қытай елінде коронавирусты жұқтырғандардың саны 74 500-ден асты. Мыңдаған адам ауыр халде жатыр. Олардың көпшілігі денсаулығы сыр бере бастаған егде жастағы азаматтар. Елде тараған вирус 2130 адамды ажал құштырды. Аурудан қаза болу көрсеткішінің басым бөлігі, дәлірегі, 2029-ы Хубэй провинциясында орын алған.

 

Қытай билігі вирус жұқтырған 16800-ден астам адамның аурудан толық айыққанын айтуда.

Өткен жылдың аяғында Уханьда тіркелген қауіпті вирус өзге елдерде де тіркелуде.

Кешегі жағдай бойынша вирус Қытайдан тыс аумақтарда жүрген 1011 адамның бойынан табылған.

Қытайдан тыс аумақта ең көп вирусты жұқтырғандар Жапония елінде байқалып тұр. Бұл елде қауіпті дертті жұқтырғандардың саны 705- ке жеткен. (Йокогама жағасында бірнеше тәулік бойы карантинде болған круиз лайнеріндегілерді қоса есептегенде). Ал Сингапурде 84 адам, Гонконгта — 67, Оңтүстік Кореяда — 104, Таиландта — 35, Тайваньда — 24, Малайзияда — 22, Германияда — 16, Вьетнамда -16, Австралияда — 15, АҚШ-та – 15, Францияда – 12 және Макаода 10 адам вирус жұқтырған. Тағы 15 елде де адамдарға коронавирус кеселінің жұғуы дерегі тіркелген. Бірақ ондағы статистикалық көрсеткіш 10 жағдайдан аспаған.

Қытай билігі соңғы тәуліктерде вирусты жұқтырғандардың саны күрт азайғанын алға тартады. Бірақ сарапшылар бұл эпидемияның беті қайтты дегенді білдірмейтінін, сондықтан барлық сақтық шараларын жалғастыру қажеттігін ескертеді.

Ал Қазақстанда адамдардың коронавирус жұқтыру дерегі әзірге тіркелмеген.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.