«АЛҒА ҚОЙҒАН ЖОСПАРЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ҚОЛДАН КЕЛЕТІН ЖҰМЫСТАР»
Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі:
Өткен жұмада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халыққа есеп берді. Қаладағы «Түркістан» сарайында өткен шарада Мұрат Дүйсенбекұлы қоғам өмірінің сан саласы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды саралады.
Өнеркәсіп өсіп келеді
Былтыр Шымкентте өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 пайызға өскен. Ауыл шаруашылық өнімі 6,3 пайызға, тұрғын үй құрылысы 19,2 пайызға, ал, бөлшек сауда 7,1 пайызға артқан. Өңірде үдемелі индустриалды-инновациялық даму республикалық бағдарламасының орындалуы да оң динамиканы көрсетеді. Соңғы үш жылда өңірде 24 кәсіпорынның ашылуы соның жарқын мысалы. Аталған бағдарлама аясында бірнеше жылдан бері тоқтап, тұралап тұрған кейбір кәсіпорындардың тамырына қайта қан жүгірді. Атап айтқанда былтыр, «Альянс» жіп иіру компаниясы іске қосылған болатын.
Қалада 72 жоба іске қосылған «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймағы бар. Қазіргі таңда ондағы жобаларға 64 млрд. теңге инвестиция тартылған. Соның негізінде 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, бюджетке 13,4 млрд теңге түсім келген.
Өңірдің инвестициялық тартымдылығы зор. Соның нақты дәлелі – аталған индустриалды аймақтардың кәсіпорындарға лық толғандығы. Қазіргі таңда онда бос жер жоқ. Осы мақсатта алдағы үш жылда жаңадан «Жұлдыз» және «Агроиндустриалды аймақ» ашылатын болады. Қазіргі таңда алғашқысының техникалық экономикалық негіздемесі дайындалу үстінде. Ал екіншісінің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.
Өз кезегінде «Жұлдыз» индустриалды аймағында іске асатын 20 жобаға инвесторлар қызығушылық танытуда. Бұл жобалардың іске асуы 1 мың жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.
Алдағы үш жылда Шымкентте Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай, Түрік, Өзбекстан, Испания, Франция сынды мемлекеттегі шетелдік инвесторлардың қатысуымен кемінде 15 жоба іске асырылады деп жоспарлануда.
Оған 2,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылады. Нәтижесінде 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен және Францияның Алматыдағы Бас консулы Алексис Шахтахтинскиймен кездескені белгілі. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс пен инвестициялық ынтамақтастықты арттыру, мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту мәселелері талқыланған-тын.
Франция елшісінің Шымкентке келген бұл сапары әуелгіде айтылған жоба-жоспарлардың жәй құрғақ сөз емес, нақты міндеттер екенін дәлелдейді.
Қарқынды бау егу қарқын алады
Шымкент мегаполис. Бірақ бұл өңірде ауылшаруашылық саласы жоқ деген ұғымды білдірмейді. Керісінше аталған сала аймақтың дотациядан арылып, донарлы өлкеге айналуына көп мүмкіндік беруіне септеседі. Осы бағытта былтыр қалада 29 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Жоғарыда айтып өткен «Агроиндустриалды аймақ» іске қосылса бұл көрсеткіш 40 млрд. теңгеге жететін болады.
Салаға соңғы үш жылда 2,6 млрд.теңге инвестиция салынды. 56 гектар жылыжай іске қосылды. 215 гектар қарқынды бау егілген. Ет кластері бойынша 24 мың бас ірі қара бордақыланып, 111 жанұялық сүт фермасы ашылған. Бұл үшін шаруалардың шаруасын демеуге бюджеттен 3 млрд. теңге субсидия төленген. Биыл субсидия көлемін 4 млрд. теңгеге көбейту көзделуде.
Бұдан бөлек, алдағы үш жыл ішінде үлкен 3 құс фермасы іске қосылатын болады. Сонымен қатар, 1600 гектар аумақта қарқынды бау пайда болып, 92 гектар жер өндірістік жылыжайға айналады.
Шағын және орта бизнес шарықтай түседі
Қазіргі таңда Шымкентте 70-мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі бар. Шағын және орта бизнес саласы 148 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Қаладағы жалпы өнім көлемінің 27 пайызы шағын және орта бизнестің үлесінде. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 пайыздан асады. Соған сәйкес, алдағы үш жылда осы салада жұмыс істейтіндердің санын 175 мыңға жеткізіп, жалпы өнім көрсеткіші бойынша үлесін 33 пайызға жеткізу көзделуде. Бұл үшін бизнестің жол картасы және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 300 жобаға қолдау көрсетілетін болады. Жобалардың құны — 3,3 миллиард теңгені құрайды.
Коммуналдық салада күйіп тұрған көп мәселе биыл шешімін табады
Шымкентте 81 елді мекен бар. Оның 41-і Түркістан облысы аумағына қарасты аудандардан қосылған. Шешімін күтіп отырған көптеген коммуналдық мәселелердің дені осы аумақтарға тиесілі. Мәселен, қазіргі таңда халықтың 94,7 пайызы ғана сапалы ауыз сумен қамтылған. Шымкентте 63 елді мекен ғана орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Қалған 10 елді мекенге су жартылай жеткізілген. Ал 8 елді мекен тұрғындары тіршілік көзін тасып ішуге мәжбүр. Бірақ биыл осы 13 елді мекеннің барлығында ауыз су мәселесі толық шешімін табады. Бұл үшін қалалық бюджеттен бөлінген 4 518,6 млн. теңгеге 2 магистралды су құбырының құрылысы жүргізіледі.
Кәріз жүйесінің жүргізілуі көңілден шықпайды. Қаланың орталығы мен 18 елді мекені ғана кәріз жүйесіне қосылған. Қалған 63 елді мекенді кәріз жүйесіне қосу күн тәртібіндегі негізгі міндеттердің бірі. Бұл ретте бірқатар мәселелерді реттеу қажет. Айталық, қалада шайынды суды тазартатын жалғыз ғана кешен бар. Оның қуаттылығы тәулігіне 150 мың текше метрді ғана құрайды. Егер де барлық елді мекендер кәріз жүйесіне қосылса, кешеннің қуаты жетпейді. Нақты қажеттілік 360 мың текше метр болуы тиіс. Осыған сәйкес, алдағы үш жылда 26 шақырым кәріз коллекторының және қуаты 150 мың текше метрді құрайтын тазарту қондырғысының құрылысын кезең-кезеңімен салу жоспарлануда. Нәтижесінде қаланың канализация жүйесімен қамтылуы 49 пайыздан 59 пайызға жетеді.
Сонымен қатар алдағы үш жылда Шымкентте 120 мың халқы бар 15 елді мекенде газ мәселесі өз шешімін табады.
Алдағы екі жылда 30 елді мекенге сапалы жарық жетеді
Жоғарыда қалада 81 елді мекен бар екенін атап өттік. Қазіргі таңда соның тек 46-на ғана сапалы жарық жеткен. Ал 35 елді мекенге тартылған жарықтың сапасы төмен. Қаланың солтүстік бөлігіндегі елді мекендерде электр эгергиясының жетімсіздігі бас ауыртар басты тақырыпқа айналған. Бірақ биыл бірқатар нысандардың пайдалануға берілуі мәселенің өзегін тарқатуға серпін береді. Атап айтқанда, қазіргі таңда қуаты 220 кВ Бозарық подстанциясының құрылысы жүргізілуде. Ол биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, қуаты 110 кВ «Ақжар» және «1-М-1» подстанциясының құрылысы келер жылы аяқталады деп жоспарлануда. Нәтижесінде, қуаты 110 кВ құрайтын төрт («Астана-1», «Астана-2», «1-М-1», «Ақжар») подстанция іске қосылып, электр қуатымен қамту 180 МВт-тан 300 МВт артады.
Бұл қаланың электр қуатына деген қажеттілігін шешуге мүмкіндік береді. Осының арқасында 90 мың халқы бар 30 елді мекендегі жарық мәселесіне нүкте қойылады.
Биыл 89 тұрғын үй пайдалануға беріледі
Шымкентте былтыр 524 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш жағынан Шымкент республика бойынша Түркістан мен Алматы облысынан кейінгі үшінші орынды түйіндеп отыр.
Өткен жылы қалада мемлекеттік бағдарламалар аясында 2 836 пәтерлі 53 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 450 көпбалалы отбасы, 242 халықтың әлсіз топтары, 904 жастар баспанамен қамтылды.
Бірақ, халықтың жылдам өсуіне байланысты баспана мәселесі өзекті болып тұр.
Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 140 мың азамат тіркелген (оның ішінде 40 мың — коммуналдық тұрғын үй кезегінде, 100 мың кредиттік тұрғын үй кезегінде).Оның ішінде 5 мыңы көпбалалы отбасылар.
Осыған байланысты биылдан бастап тұрғын үй құрылысы қарқынды жүреді. Негізгі құрылыс – «Шымкент сити», «Тұран», «Әкімшілік-іскерлік орталығы» аумағында салынады.
Нәтижесінде алдағы үш жылда 32 816 пәтерлі 652 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Соның негізінде биыл 12 117 пәтерлі 227 тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Жоспар бойынша 4 640 пәтерлі 89 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Жол сапасын жақсарту – басты назарда
Шымкентте халық саны ғана емес, көліктер де көбейіп келеді. Салдарынан қолданыстағы магистралды жолдардан бір тәулікте 50-70 мың автокөлік жүріп өтеді. Бірақ олардың өткізу қабілеті тәулігіне 20-35 мың автокөлікті құрайды. Яғни жолдарға түсетін салмақ нормадан екі есе көп. Бұл мәселені реттеу үшін соңғы үш жылда біршама жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда 82 көшеге күрделі, 269 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, 441 шақырым топырақ жолға тас төселген. Ұзындығы 161 шақырымға жалғасатын 64 жолда құрылыс пен қайта құру жұмыстары жүріп, оның 50 шақырымы пайдалануға тапсырылған.
Енді алдағы жылдары жолдардың өткізу қабілетін көтеру үшін 13 магистралды жолды қайта құру, 2 үлкен жолайрықтың (Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би — Арғынбеков) және 4 көпірдің құрылысы, Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 айналма жолы, №1 автожол, Адырбеков көшесін қайта құру, Әл-Фараби көшесінің жалғасын салу жоспарлануда.
Қазіргі таңда қалада 2 977 шақырым автомобиль жолдары бар. Бірақ олардың 57 пайызы ғана немесе 1 682 шақырым жол қанағаттанарлық деңгейде. Көрсеткішті жақсарту үшін биыл 95 шақырым топырақ жолдарға тас төселеді. Сондай-ақ, 65 көшеге күрделі, 162 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүреді.
Балалардың балабақшамен қамтылуы 99 пайызға жетті
Үшінші мегаполисте негізгі ресурстар білім саласының сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Осы бағытта өткен үш жылда бюджет есебінен 12600 орындық 19 мектеп, 535 орындық 2 балабақша салынған. Мемлекеттік тапсырыс арқылы 8 мың орындық 15 жекеменшік мектептер ашылды. Қалада балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 85 пайыздан өткен жылы 99 пайызға жетті.
Биыл бюджет есебінен 7 020 орындық 12 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жыл соңына дейін 5 700 орындық 7 мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 9800 орындық 10 мектептің құрылысы басталуда. Нәтижесінде 19 үш ауысымды мектептің 15-сі, типтік емес 6 мектептің 5-нің мәселесін шешу жоспарлануда.