БИЫЛ ШЫМКЕНТ ТӨРІНДЕ 34 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРА ӨТЕДІ
Шымкент 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы екені белгілі. Осы бағытта биыл үшінші мегаполисте түрлі шаралар өтеді.
Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының «Рухани жаңғыру» бөлімінің басшысы Зәуре Оралбаева бұл бағытта барлығы 34 шара ұйымдастырылатынын атап өтті.
Өз кезегінде ол «Шымкент – Достастықтың мәдени астанасы» деген атаумен басталатын биылғы шаралардың салтанатты ашылуы 22-наурыз күні орталық алаңда өтетінін жеткізді.
Одан соң «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» аясында этноауылдың ашылуы, халықаралық «Жібек жолы» қолөнер шеберлерінің көрмесі өткізіледі. Қала тұрғындары мен қонақтары «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» фестивалі, ТМД елдерінің «Ұлттар достығы» цирк қойылымдарын тамашалайды.
«Шымкент – Достастықтың мәдени астанасы» деген атаумен басталатын шаралар қатарында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ТМД елдерінің театр фестивалі, «Бресттен Берлинге дейін» атты ашық аспан астындағы көрме, Халықаралық «Алтын сақа» анимациялық фильмдерінің фестивалі, Қазақстандағы ресейлік фильмдердің апталығы, «Шымкент – қайырымды қала» балалар шығармашылығының фестивалі де бар.
Бұдан бөлек, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференциясы болады. Бұл жиынның аясында жазушылардың шығармашылық кездесуі, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Шымкент — қайырымды қала» халықаралық ғылыми-практикалық конференция, Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, ТМД елдері балалар жазушыларының форумы және басқа да халықаралық, республикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.
«Шымкент-мәдени астана» жылының салтанатты жабылуын қараша айының аяғында өткізу жоспарланған.
С. НҰРАЙ.