РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ІСТЕР ТҮЙІНДЕЛДІ
Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына қосылуды көздейді. Осы бағытта қазақстандықтар қолға алуы тиіс бағыттар мен міндеттер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген. Аталған мақала 2017 жылдың 12-сәуірінде жарияланған болатын. Онда көрсетілген бағыттар мен бағдарларды тиімді іске асыру үшін былтыр 1-сәуірде Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы жанынан «Рухани жаңғыру» бөлімі құрылған-тын.
Осы аптада Шымкенттегі ақпараттық- коммуникациялық орталықта аталған бөлімнің өткен жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары түйінделді. Атқарылған жұмыстарды бөлім жетекшісі Зәуре Оралбаева айтып берді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында былтыр Шымкенте жүзеге асатын іс-шаралар жоспары әзірленді. Барлығы 77 тармақтан құралған жоспар аясында, қалада 742 шағын және ауқымды іс-шаралар өткізілді. Жарты миллионға жуық адамды қамтыған сол іс-шаралардың 82-сі аймақтық, республикалық, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған.
Бағдарламалық мақалада айтылған «Туған жер» жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде демеушілер мен меценаттар есебінен Шымкент қаласында құны 3 млрд. 358 млн. теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылд.
Өлкенің тарихын кеңінен тану, зерделеу мақсатында қала мектептерінде 5, 6, 7 сыныптарға арналған «Өлкетану» және «Өлкетану хрестоматиясы» оқулығын алуға бюджеттен 124 млн. 664 мың 700 теңге бөлініп, 72 380 дана оқулық таратылды.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша мемлекеттік тілге аударылған 48 оқулықты таныстыру презентациясы жоғары оқу орындары мен кітапханаларда өтті.
«Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» жобасын жүзеге асыру үшін арнайы желілік кесте әзірленді. «Қазақстанның рухани киелі жерлері. Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы бойынша Шымкент қаласында 62 іс-шара өткізілді. Жалпы, жоба бойынша 7 тарихи-мәдени ескерткіш жалпыұлттық маңызы бар қасиетті, тарихи жерлердің тізіміне, ал 8 нысан – жергілікті маңызға ие орындар қатарына енді.
Қала көшелерінде киелі орындардың тарихи деректері мен сипаттамасы бейнеленген 27 баннер ілінді. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында республикада бірінші болып, «Ұлы дала хикаялары» атты заманауи өнер туындыларының жылжымалы көрмесі өтті.
Қараша айында Өзбекстан астанасы Ташкентте Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында «Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдениет күндері ұйымдастырылды.
Шымкент «2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы» эстафетасын салтанатты түрде қабылдады. Мәдени астанада 34 іс-шара өткізу жоспарланған. «Шырайлы Шымкент: Береке басы – бірлік» тақырыбындағы қоғамдық форум осы іс-шаралардың бастамасы ретінде былтыр ұйымдастырылды. Бұл форум тұрақты түрде жұмыс істейтін болады.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы аясында республикалық «100 жаңа есім» конкурсына Шымкенттен 81 үміткер қатысты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттары мен арнайы жобаларын тиімді, сапалы іске асыру мақсатында «Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы жыл соңында қорытындыланды.
Шымкентте қазақтың мәнін жоймас құндылықтарын насихаттауға арналған «Дәстүрім ‒ асыл қазынам» кітабы және «Ұлттық киімдер» фотоальбомы, «Жаңа ғасыр әуендері» атты жас ақындар антологиясы жарық көрді.
Қазан-қараша айларында «Qazaq Epos» қоғамдық қорының жобасы аясында «Тұлпар мініп, ту алған!» батырлар жырын жатқа айту байқауы ұйымдастырылды. Жыр байқауына 1116 оқушы, 600 мұғалім қатысты.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов және Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды. Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында «Абай даналығы ‒ халық мұрасы» атты әдеби-композициялық кеш, танымдық сағаттар өткізілді. Этнограф, ғалым, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың «Дәстүрдің дара діңгегі» атты бұрышы (мүйісі) «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жанынан қалалық әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығында ашылды.
2020 жылға Шымкент қаласының әкімі бекіткен 144 тармақтан тұратын кешенді жоспар бар.
Президент әкімшілігінің және Ақпарат, қоғамдық даму министрлігінің шешімімен 2020 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы үш бағыт бойынша іске асырылады. Одан бөлек, ғұлама тұлғалар Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының мерейтойларына байланысты іс-шараларды және «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылына, Жеңістің 75 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығына арналған іс-шараларды да жоғары деңгейде өткізу жоспарлануда.
Осы және өзге де мәліметтерді тарқатып айтқан Зәуре Оралбаева осы жылы «Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы» аясында өткізілетін іс-шаралар жоспарын таныстырды. Өз кезегінде ол бұл бағытта барлығы 34 шара ұйымдастырылатынын атап өтті.