ШЫМКЕНТ ГАРНИЗОНЫ ТАҒЗЫМ ЭСТАФЕТАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Алматы қаласынан жеткен даңқты панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесін Шымкент гарнизоны салтанатты жағдайда қабыл алды. Эстафетаны тапсыру қаладағы «Даңқ» мемориалында өтті.

Бұл тағзым эстафетасы 5-ақпанда басталған-тын. Енді ол ағымдағы жылдың 5-мамырына дейін еліміздің барлық өңірінде жалғасатын болады. Шара былтыр қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ТМД мемлекеті басшыларының кеңесінің шешімімен бекітілген «Ұлы Жеңістің 75 жылдығын» мерекелеуге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары аясында өткізіліп отыр.

Тағзым эстафетасының мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарында елі үшін етікпенен су кешкен есіл ерлердің ерлігін үлгі тұтып, олардың рухына құрмет көрсету, есімдерін есте сақтау болып табылады.

Қазақстан әскери-тарихи музейінің Алматы қаласындағы филиалынан Жауынгерлік ту көшірмесін қабылдап алу шарасы кезінде Мәңгілік алау кешеніне гүл шоқтары қойылды. Жиналғандар батырлар рухына құрмет көрсетіп, бір минут үнсіздік жариялады.

Жиын барысында ҚР Ұлттық ұланы оңтүстік өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Ниязтай Алпешов пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек, соғыс және еңбек ардагерлері сөз алды.

 

А. САТЫБАЛДЫ.