«БЕСТЕРЕК» ЖОБАСЫ БАЛАЛАРДЫҢ БЫЛЫҚҚА БАТУЫН ТҮБЕГЕЙЛІ ЖОЯ МА?
Былтыр елімізде 3,8 мың адам өз өзіне қол салған. Өліммен аяқталған өкінішті жағдай ең көп тіркелетін үштікке Түркістан облысы енген. Суицидке баратындардың басым бөлігі ер адамдар. Жасөспірімдер арасындағы өз өзіне қол салу санайғағының көпшілігі ұл балаларға қатысты болып отыр.
Арқаға мұздай бататын бұл деректерді ranking.kz сайты жариялаған. Алаңдатарлық мәселеге жергілікті билік қандай шара жүргізіп жатыр? Туу көрсеткіші жағынан республикада көш басында тұрмыз деп кеуде кергенмен, мынадай кері рейтингте көзге түскеніміз жақсылыққа апармасы анық.
Осыған алаңдаған облыстағы прокуратура органы өткен айда білім саласының тұтқасын ұстаған азаматтарға жасөспірімдерді осы және өзге де қылмыстарға не итермелейтінін анықтауды тапсырды. Прокурорларды алаңдатып отырған жасөспірімдер арасындағы суицид қана емес, өзге де қылмыстардың орын алуы болып отыр. Осыған орай Түркістан облысының прокуратурасы өткен айда «Қауіпсіз балалық шақ» атты ашық форум өткізген. Ауқымды шараға облыстағы аудан, қала әкімдері, құқық қорғау ұйымдарының басшылары мен сала мамандары қатысты. Онда сөз алған облыс прокурорының бірінші орынбасары Артықбек Пашаев мынадай мәліметтерді төмендегідей тарқатып берді.
Түркістан облысында 2018 жылы жасөспірімдердің қатысуымен жасалған құқық бұзушылық 2017 жылмен салыстырғанда 6,2%, ал оларға қарсы жасалған қылмыс 20,2%, оның ішінде жыныстық еркіне қол сұғушылық 100%-ға артқан. Былтыр 2018 жылмен салыстырғанда балалар арасындағы құқық бұзушылық 16%, оларға қарсы жасалған қылмыс 4,8%, ал жыныстық еркіне қол сұғушылық 22,2% азайған. Сондай-ақ, суидцид дерегі де 32% кеміген. Алайда жалпы статистикалық көрсеткіш жақсарғанымен, облыстың бірқатар аудан, қалаларында аталған санаттағы қылмыстардың саны күрт өскен.
Мысалы, жасөспірімдер жасаған құқық бұзушылық Түркістанда 66%, Кентауда 74%, Бәйдібекте 60%-ға артса, оларға қарсы жасалған қылмыстар Арыста 80%, Түлкібаста 71%, Отырарда 66%-ға артып отыр. Ал жасөспірімдер арасындағы суицид Сайрамда 27%, Түлкібаста 50%, Бәйдібекте 200%-ға көбейген. Осы ретте ескерілетін мәселе Кентау қаласының бұл саладағы көрсеткіштерінің өсуі халық санының артуымен байланысты болса, Түркістан қаласының халық саны 35%-ға кеміген. Бірақ бала санының азайғанымен қылмыс саны төмендемеген.
Сонымен қатар осы жиында былтыр жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты алдын алу бағытында арнайы топ құрылып, талдау жасалғаны, оған үкіметтік емес ұйымдар мен ғалымдар тартылып, зерттеулер жүргізіліп, әдістемелік құралдар әзірленгені алға тартылып, профилактикалық жұмыстардың оң нәтиже көрсеткені алға тартылды. Бірақ жекелеген аудан, қалаларда құқықбузушылық көрсеткішінің артуы алдын алу жұмыстарының барлық аумақта өз деңгейінде атқарылмағанын анық байқатып тұрғаны сөз етілді.
Десе де, Түркістан облысы әкімдігінің облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев суицидті түпкілікті жою үшін қолдан келер барлық тетікті қарастыратынын алға тартуда. Ол осы бағытта қолға алынған «Бестерек» жобасының берері мол деп сенеді екен. Аталған жоба аясында 1277 педагог-психолог кезең-кезеңімен қайта даярлау курсынан өтеді. Қазіргі таңда өткізіліп жатқан бұл шара аясында ұстаздар 2 апта бойы жасөспірімдер арасындағы қылмысты алдын алу мен болдырмау бағытындағы әлемдік тәжірибеге бағытталған психологиялық амалдармен танысады. Жиналған мамандар мен сарапшылар осы бағыттағы ғылыми тәжірибелерімен, шешу жолдарымен бөлісуде. Тиісінше мамандар арнайы дәрістік тыңдаудан өткеннен соң «тәуекел тобына» жататын балалармен олардың ата-аналарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, моральдық және психологиялық тұрғыда қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеуде.
Осындай жұмыстардың ұйытқысы болып отырған «Бестерек» жобасы үшін жергілікті билік бюджеттен 44 млн. теңге қаржы бөліп берген. Аталған жоба аясында мыңнан астам мамандардың тиісті дәрісті меңгеруін қамту ағымдағы жылдың 25-мамырына дейін жалғасатын болады.
Қ. ҚАЛИЕВ.