КӨНЕ ШАҺАРДА ҚОНАҚ ҮЙ СЕРВИСІ ДАМЫМАЙ ТҰР
Биыл Түркістанға 2 миллион турист келеді деп күтілуде. Ал 2025 жылы киелі шаһарға ат шалдыратын қонақтардың санын 5 миллионға жеткізу жоспарланған. Қаланы туристер көп келетін орталыққа айналдыру мемлекет алға қойған негізгі міндеттердің бірі. Межелі мақсатқа қол жеткізуде шешімін күтіп отырған мәселелер жетерлік. Соның бірі қонақ үй сервисінің кенжелеп қалғандығы. Мәселен қазіргі таңда облыс орталығы саналатын көне шаһарда 40-қа жуық қонақ үй жұмыс істейді. Ондағы бір бөлменің бағасы орташа есеппен 15-45 мың теңге аралығында. Бұл аз ақша емес. Бірақ ондағы бөлмелердің күйі мен қызметкерлердің келушілерге көрсетіп жатқан қызметі сын көтермейді.
Кеше Түркістан облысының әкімі Мейіржан Мырзалиев қонақ үй бизнесінің басы-қасында жүрген кәсіпкерлердің басын жиып, мәселені осылай көлденең тартты.
Өз кезегінде ол кәсіпкерлерге заман ағымына сай бет бұрып, туристер мен қонақтарды қонақ үйге халықаралық стандарттарға сай жайғастыруға шындап кірісуді тапсырды. Экономиканы дамытуда елеулі үлесі бар бұл сала бәсекеге қабілетті болуы қажеттігін айтты. Қаладағы екі және үш жұлдызды қонақ үйлердің шаруашылығын жетілдіру керектігі шегеленді. Қазіргі таңда ондай нысандарда қызметкерлердің қонақжайлылық танытуы, мәдени түрде қызмет көрсетуі сынды талаптардың орындалуы көңілден шықпайтыны ашық айтылды.
Өз сөзінде Мейіржан Мырзалиев «Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қонақ үй бизнесін дамытуға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Екі микроқаржы ұйымы мен «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген бағамен несие берілуде. Соның аясында қалада «Rixos» қонақ үйі салынып, шілде айында пайдалуға берілгелі отыр. Атауы әлемдік деңгейдегі брендке айналған кешеннің ашылуы саяхатшыларға қонақ үй бизнесінің қазіргі заманғы даму деңгейін көрсетеді. Сіздер де бәсекеге дайын болуларыңыз қажет»,-деп, кәсіпкерлерге арқаны кеңге салмауға шақырды.
Бүгінде Түркістан облысында барлығы 168 қонақ үй, 51 емдік-сауықтыру шипажайлары мен 60 демалыс үйлері қызмет көрсетеді.
Қ. ҚАЛИЕВ.