БЕС КІТАПХАНАДА СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ҚАРСЫ БҰРЫШ АШЫЛДЫ

Былтыр елімізде 1700-ден астам коррупциялық қылмыс тіркелген. Оның жартысына жуығы пара алу және пара беру жағдайына байланысты болған. Салдарынан мыңнан астам тұлғалар сотты болған. Коррупция қоғам дамуын барынша артқа тежейтін кесел. Былтыр тап осы сыбайлас жемқорлықтың салдарынан Қазақстан экономикасына 24 млрд теңгеден астам зиян келген.

 

Бұл деректі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің өкілдері мәлімдейді. Және де аталған агенттік оны біржола жою үшін сыбайлас жемқорлыққа барғандарға қолданылатын жазаны барынша қатайту қажеттігін айтады. Бұл дұрыс та шығар. Дей тұрғанмен «Ауруды емдегеннен гөрі оны алдын алған оңай» демекші, бұл ретте профилактикалық шараларды да жандандырудың, жолға қоюдың көмегі өте көп.

Осындай пайыммен Шымкенттегі бес бірдей кітапханада сыбайлас жемқорлыққа қарсы бұрыштар ашылды. Мұндай бұрыштар «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында, қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі, орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінде ашылды. Сонымен қатар қаладағы көзi көрмейтiн және әлсiз көретiн азаматтарға арналған арнайы кiтапхана мен жасөспірімдер кітапханасында да осындай бұрыштар орын тепті. «Шымкент – адалдық алаңы» жобасының бастамасымен іске асқан бұл шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың санасына «сыбайластыққа барып, өміріңді сындырма» деген ұғымды сіңдіру. Себебі қазіргі жастар, ертең елге еңбек ететін мамандар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бұрыштарда коррупцияға қатысты түрлі тақырыптарды қаузаған мерзімді басылымдар, кітаптар қойылған. Сондай-ақ, ол жерден жас ұрпақ бойына парасаттылық пен адалдық құндылықтарын қалыптастыруға көп жәрдем беретін әдебиеттерді де табуға болады.

С. ИБРАГИМОВА.