ТАУЫҚ ЕТІНІҢ ТРАНЗИТІНЕ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Өткен айдың аяғында Халықаралық Эпизоотиялық бюросы Украинаның Винница облысында құс тұмауының жоғары патогенді вирусын тіркеген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті елімізге Украинаның Винница облысынан құс және құс өнімдерін алып келуге уақытша тыйым салды.

 

Аталған комитет сақтық үшін бұдан бөлек, Украина Республикасының Винница облысы аумағы арқылы жылулық өңдеуден өтпеген (кемінде 70°С) тірі құстың, инкубациялық жұмыртқаның, мамықтың және қауырсынның, құс етінің және құс шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерінің транзитіне уақытша шектеу қойды. Сондай-ақ, құстарды күтіп-ұстауға, союға және бөлшектеуге арналған бұрын қолданыста болған жабдықтарды пайдалануға да тыйым салды.

Мамандар мұндай шаралар құс өсіретін шаруалардың еш алаңсыз жұмыс жасауына серпін беретінін алға тартады.

Транзитке шектеу қою шарасын бізден сәл алдын көрші Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы қолға алғанын айта кетейік.

С. Нұрай.