«ТЕХНОГЕНДІ АПАТ БОЛСА КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?»
Анарбек ОРМАН,
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы:
Шымкентте инженерлік инфрақұрылым бойынша жүргізілген құбырлардың санитарлық қорғау аумағы құбырлардың диаметріне қарай 6 метрден 20 метрге дейінгі аралықта болуы қажет. Бұл талап ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен шегеленген. Себебі ол құбырлардың қысымы жоғары болады. Айтқан жерден аулақ, егер де олар жарылатын болса, жанындағы үйлерді жайпап тастайды. Ал адамдарға тиетін залалын айтудың өзі қорқынышты.
«Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС-нің мәжіліс залында өткен дөңгелек үстелде аталған серіктестіктің Бақылау кеңесінің төрағасы Анарбек Орман осылай деді.
Шымкент қаласы әкімдігі, Прокуратура органы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Экология департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Шымкент филиалы, «Қуатжылуорталық-3» МКК, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мен «Nur Otan», «Ақ жол» партиясының өкілдері шақыртылған жиынның мақсаты – қайғылы жағдайлар мен апатты алдын алу болып табылады.
Өз сөзінде Анарбек Оңғарұлы қандай да бір құрылыс жұмыстарын жүргізбес алдын жобалық-сметалық құжаттар жасалатыны сол кезде нысанның инженерлік инфрақұрылым жүйелерінен қанша метр қашықтықта болуы заңмен реттелгенін, бірақ ол талаптар көп жағдайда сақтала бермейтінін айта келе, «Біз осы бойынша заңбұзушылықтар жөнінде көптеген мемлекеттік органдарға жүйелі түрде хат жазып келеміз. Бірақ олар өз деңгейінде нақты шаралар көріп жатыр деп айта алмаймыз. Көптеген мәселелер қордаланып тұр»,-деді.
Шымкенттіктерді тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС өз тарапынан су және кәріз жүйесінің санитарлық қорғау аймағына түскен құрылыс нысандарын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізген. Нәтижесінде қалада 1667 нысанның су және кәріз жүйесінің санитарлық қорғау аймағының бойында тұрғаны анықталған. Бұл туралы А. Оңғарұлы:
– Бір қызығы ол нысан иелерінің барлығының қолында жерді пайдалану актілері бар. Меншік құқын растайтын мұндай құжаттардың қалай берілгені бізге түсініксіз. Ол үйлердің барлығы да санитарлық қорғау аймағында орналасқанын жергілікті әкімдік, жер қатынастары, сәулет-құрылыс бақылау басқармасы әу баста жақсы білген. Сөйте тұра заңбұзушылыққа барады. Егер бейбіт заманда апат болса, оған кім жауап береді?,-деді. Бұл мәселе дөңгелек үстелге қатысқан атқарушы орган өкілдеріне бағытталып айтылғанмен, сұрақ басы ашық күйінде қала берді.
Төраға су және кәріз құбырларымен қатар, қаладағы жылу, газ құбырлары, электр сымдарының санитарлық қорғау аймағының үстінен іргетасы құйылып, қабырғасы өрілген үйлер жетерлік екенін жеткізе келе, «дөңгелек үстелді ұйымдастыру арқылы Сіздерді сол санитарлық қорғау аймағында тиісті талаптардың сақталуын реттеп, қауіпті алдын алуға шақырамын. Осы бойынша біз тиісті органдарға хат жолдаймыз. Соның негізіне санитарлық қорғау аймағындағы құрылыс нысандары үшін берілген құжаттардың заңды күшін жоюға ықпал ету қажеттігін айтқым келеді» деді.
Жиында айтылған заңбұзушылықтар бойынша тиісті мәліметтердің барлығын қалалық прокуратура өкіліне берілді. Соған орай қадағалушы орган алдағы уақытта құрылыс кезінде санитарлық-қорғау аймақтарының шекараларын бұзу фактілері бойынша жұмыс жүргізетін болады.
С. ИБРАГИМОВА.