МАҚТААРАЛДА МАЛ ҰРЛЫҒЫМЕН КҮРЕС КҮШЕЙТІЛДІ
Былтырдан бастап елімізде мал ұрлығына қатысты жаза күшейтілген болатын. Соған орай қорадағы төрт түлікті ұрлау арқылы ұртын майлағысы келгендердің мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы көзделгені белгілі.
Осыған орай Мақтаарал аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Макешов Ерғали тұрғындардың қорадағы төрт түліктері қолды болып кетпес үшін оларды жайылымға қараусыз жіберіп қоймауы тиістігін ескерте келе, «ең біріншіден, адамдар малдарын сырғалап, таңбалап, құжаттарын ретке келтіруі қажет. Екіншіден, падашы жалдауы тиіс. Төрт түлікті таңбалаудың маңызы қандай? Мысалы біз өз тарапымыздан мал тасымалдаған автокөліктердің құжаттарын, олардың сырғаланғанын, таңбаланғанын тексереміз. Яғни, таңбалау күдіктілерді тез анықтауға зор ілгек болады», — деді.
Құқық қорғау органы өкілдері Мақтааралда тіркелетін мал ұрлығы жылдың күз және қыс мезгілдерінде күрт көбейетінін алға тартуда. Себебі, дәл осы мерзімде алқаптағы өнімдерді жинау науқаны аяқталып, бос қалған егін аумағы мен жайылымдарға тұрғындар малдарын қараусыз айдап жіберетін көрінеді. Не істемек керек? Аудандық полиция бөлімі бұл бағытта ауылдық округ әкімдері падашыны ұйымдастыруға атсалысу қажеттігін айтады.
Қазіргі таңда учаскелік полиция инспекторлары мен ауыл билері тарапынан қараусыз қалған мал иелеріне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу күшейтілді.