ЕРЛАН АЙТАХАНОВ ХАЛЫҚҚА ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРІП КЕТТІ?

Ал, істің көзін табуға Мұрат Әйтеновтың тәжірибесі жете ме?

Шымкент қаласының әкімі тағы да жаңарды. Аптаның сейсінбісінде қала тұтқасы Мұрат Әйтеновке сеніп тапсырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен үшінші мегаполистің басшысы болған М. Әйтенов одан сәл алдын сол кездегі қала әкімі Ерлан Айтахановтың өкімімен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болған.

Ал Шымкент қаласының әкімі қызметін жарты жылға жуық атқарған Ерлан Айтахановтың қандай қызметке тағайындалғаны белгісіз. Осыдан біраз бұрын ұзынқұлақ оның Нұр-Сұлтан қаласына жаңа қызметке тағайындалатынын айтқан. Бірақ бұл әзірге болжам ғана болып тұр.
Ал қазір Ерлан Айтахановтың Шымкент қаласының әкімі болған кезінде қандай тірліктерімен ел есінде қалғанына шолу жасайық.
Айтахановтың аяқ астынан қызметтен кетуі Шымкенттегі шалғай аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалық бола қоймағаны белгілі. Себебі Ерлан Қуанышұлы қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап қаланың шалғай аудандарының тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселелеріне ден қойған болатын. Ол қызметіне кіріскен алғашқы күндері Қаратау ауданындағы «Исфиджаб», «Сайрам» тұрғын алаптарының халқымен жолыққан. Содан соң Абай ауданының «Жаңаталап», «Игілік» тұрғын алаптарын аралаған. Арада бірер күн өткен соң, Әл-Фараби ауданының «Бадам», «Сәуле», «Текесу» атты елді мекендеріне де бет алған. Кейіннен Еңбекші ауданының «Базарқақпа», «Қарабастау» «Көксай-2» және «Көксай-3» тұрғын алаптары мен шағын аудандарында болған. Осы жұмыс сапары кезінде ол ондағы тұрғындардың жарық, газ, сапалы ауыз су, жол, қоғамдық көлік мәселелері төңірегіндегі талап-тілектерін тыңдап, тілге тиек етілген мәселелердің барлығын алдағы уақытта шешуге білек сыбана кірісетінін нық сеніммен айтқан. Ол қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап «Менің басты мақсатым шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарына қолайлы жағдай жасау» деген-тін. Осы бағытта атқарылатын жұмыстарын баяндау кезінде Ерлан
Қуанышұлы 2020 жылы Шымкентте ауыз су мәселесі толық шешімін табатынын, топырақ жолдардың барлығына тас төселетінін, біраз аудандар сапалы жарықпен қамтылатынын мәлімдеген. Бұл бойынша қарамағындағыларға тиісті тапсырма бергені де белгілі. Енді экс-әкімнің бұл уәдесі қаншалықты жүзеге асатынын білетін күннің ауылы алыс емес.
Сонымен қатар ол, кезінде Түркістан облысынан Шымкент территориясына қосылған 41 елдімекеннің инфрақұрылымын жақсарту үшін, тиісті сала басшыларына әлеуметтік карта әзірлеу жөнінде тапсырма берген-тін. Әлеуметтік карта жасау ондағы мәселелердің барлығын дер кезінде шешуге септесін болады деп сендірген. Бірақ оның әрі қарайғы жалғасы қандай болғаны туралы ақпараттар айтылмады.
Айтаханов қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап руханият мәселесіне көп назар бөлді. Ол Оңтүсік өңірінің зиялы қауым өкілдерімен болған бір кездесуінде «Құлдыраған кез келген экономиканы аяққа тұрғызуға болады. Ал, руханият бір шайқалса, оның зардабы ғасырларға созылуы мүмкін» деп, мәдени байланысты нығайтуға кіріскен. Осы кездесуі кезінде ол бірнеше айдан бері тоқтап қалған Шымкентте ауылшаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесін өткізуі туралы бастама көтерген. Бірер күннен соң бұл шара да жолға қойған. Соның негізінде қалада аптаның демалыс күндерінде Түркістан облысының шаруалары өз өнімдерін саудалайтын жәрмеңкенің болуы жүйелі түрде ұйымдастырылған. Бұл да біразға дейін ұмытылмайтын шара десек те болады.
Ерлан Айтаханов Шымкентке әкім болған алты айға жуық уақыт ішінде көптеген мәдени шараларды өткізді. Ол руханиятпен сусындалған қоғамда ізгілік орнайтынын айтудан жалықпай, тұрғындарды өзі ұсынған «Шымкент – қайырымды қала» идеясын іске асыруға шақырды. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Шымкент – қайырымды қала» атты мақаласында ол бұл идеяны ұлы ғұлама Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатындағы ойынан алғанын да ашып жазады. Ол сонымен қатар, халыққа Әл-Фарабиді танып, Абайды түсінуге шақыратынын айта келе, «Фарабиді, Абайды түсінуге үлкен ішкі дайындық керек. Әл-Фарабиге, Абайға бару үшін алдымен өз замандастарыңды түсін. Шымкент қаласының үлкен көшелеріне бүгінгі қазақ поэзиясының жарқын өкілдерінің бір-бір шумақ өлеңдерін ілудегі бір мақсат осы. Екінші бір мақсат, өлең оқып өскен ұрпақтың ішкі әлемі сұлу болады. Ішкі әлемі сұлу адам қылмыстан қашық болады, адамдарға қайырымдылық жасауға асық болады. Қайырымды адамдары көбейсе, қала да қайырымды болады. Ұлттық кодты табуды жүзеге асырудың ең сенімді жолы – руханиятыңа оралу» дейді. Осылайша ол Шымкент көшелерінде қазақ ақын-жазушыларының көрнекті сөздері мен өлең жолдары жазылған билбордтардың іліну мақсатын екшей кетеді.

Рухани жағынан сусындалып жүруді насихаттаудан жалықпаған Ерлан Айтаханов Шымкентке әкім болған алты ай ішінде бірнеше рет тұрғындармен жеке қабылдау өткізеді. Жастармен жүздесіп, оларға әрдайым ізденіс үстінде болып, еңбек етуге үндейді. Жастармен болған кезекті бір жүздесуінде ол «Жастар жылы» аясында Елбасының тапсырмасы бойынша Шымкентте 904 жасты сатып алу құқығынсыз тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы тиісті деңгейде орындалатынын мәлімдеген. Ол кісі бұл сөзінен таймады. Желтоқсан айында шымкенттік 904 жас тұрғын үймен қамтылды. Арада біраз күн өткенде жастарға берілген сол үйлер «Тұрғын үй жинақ» банкіне бірнеше жыл қаржы жинап, арнайы конкурстан өтіп, жеңімпаз атанған адамдарға үлестірудің сәл-ақ алдында тұрғаны белгілі болды. Бірақ Үкіметтің қаулысын негізге алып, әкімдіктің құрылысы аяқталған үйлерді жастарға беру туралы тапсырмасынан соң жағдай басқа арнаға қарай өзгерген. Яғни, құрылысы аяқталған үйлердің кілті түгел жастарға берілген. Алайда «Біраз жылдан бері қаржы жинап, енді өз баспанамызға кіреміз деп тұрғанда әкімдіктің бұлай істегені жарамады» деп жеңімпаз болған салымшылар наразылықтарын айтуда… Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Әңгіме ауанын Ерлан Айтаханов әкім болған кездегі айтулы жаңалықтарға бұрсақ…
Естеріңізде болса, ол былтыр желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы Орталық коммуникациялар орталығында 2020 жылы Шымкентке 600-ге жуық жаңа автобус келетінін мәлімдеген. Жаңа автобустардың келгенін жұрт сарыла күтіп жүр десек те болады. Себебі қазіргі таңда қалада жолаушыларды тасымалдайтын 1200-ден астам қоғамдық көліктер бар. Олардың 60 пайызы ескірген. Мұның өзі тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудыратыны сөзсіз. Ендеше бұл мәселе қаланың қазіргі әкімі Мұрат Әйтеновтың назарында болады деп сенейік.
Ерлан Айтаханов әкім болған кезінде біраз ауыс-түйістер орын алғанын да айта кету керек. Ең әуелі Ерлан Айтаханов Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет етіп жүрген Ербол Садырды өзіне орынбасар етіп аттай қалап алдырды. Былтыр тамыз айында Ерлан Айтахановтың өкімімен болған кезекті тағайындау Жанар Бектаеваның қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы болып бекітілуі болды. Қыркүйек айында Қаратау, Абай аудандарының әкімі жаңарды. Кезекті орынбасары етіп Бұхарбай Пармановты тағайындады. Сонымен қатар Ерлан Қуанышұлының кезінде әкімдікке қарасты бірнеше басқарманың басшылары ауысты. Атап айтқанда Құрылыс, жер қатынастары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, цифрландыру мен мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшылары жаңарды. Оның кезінде «Шымкент ӘКК» басқарма төрағасы да ауысқанын айта кетейік. Қадрлық ауыс-түйіс былтыр 27-желтосанда Мұрат Әйтеновтың қала әкімінің орынбасары болып бекітілумен түйінделген болатын. Көп ұзамай ол қала әкімі болып шыға келді.
Айтпақшы Айтаханов әкімдік орынтақта отырған кезінде білім саласын барынша назарда ұстауға тырысып бақты. Әкімдіктің кезекті бір жиынында ол «мұғалімдер есеп берумен емес оқушыларға тәрбие, білім берумен айналысуы керек» деген-тін. Жастарды тәлімді тәрбиеге баулитын талай бастамаларға қолдау көрсеткен. Бірақ білім саласы бойынша біраз уақыттан бері басы ашық күйінде қалып отырған мәселені шеше алмай кетті. Ол қалалық білім беру басқармасының басшысыз отырғандығы еді.
Сонымен қатар өткен аптада Ерлан Айтахановтың бастамасымен «Мәртебелі поэзия мінбері» атты бағдарлама басталған болатын. Аталған бағдарлама аясында енді шымкенттіктер аптаның бір күнін поэзияға арнайтыны туралы ақпарат жарияланған. Бұл бастаманың жалғасы баянды бола ма әлде жоқ па? Оны әрине уақыт көрсетеді.
Сөз соңында қаланың қазіргі әкімі туралы аз-кем ақпарат беріп кетсек. Мұрат Әйтенов 1981 жылы Түркістан облысы, Жетісай қаласында туылған. Күнгейдің тумасы болғанмен, еңбек жолы туған елден жырақта қалыптасқан. Оның еңбек өтілі 2004 жылы Қазақстан Респуликасы Қорғаныс Министрлігінде басталған. 2008 жылдан бері ҚР президентінің іс басқармасында әртүрлі қызметтер бойынша еңбек еткен. Аталған мекемелерде жинаған тәжірибесі миллионды қаланы басқару үшін жеткілікті бола ма әлде жоқ па? Оны тақсыр уақыттың төрелегіне салайық.

А. Сатыбалды.