Шымкент «Ақылды» қалалар сапында алға шықпады
Осы аптада еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанның «ақылды» қалалар рейтингісін жариялады. Өңірлерде сандық технологияны өндіріске енгізудегі белсенділігін арттыруға бағытталған мониторингте Шымкент «ақылды» қалалар сапында алдыңғы қатардан табыла алмады.
Аталған ведомстваның баспасөз қызметі таратқан мәліметтерде рейтингте Нұр-Сұлтан, Алматы және Орал қалалары көш бастағаны мәлім етіледі.
Бұл зерттеуге еліміздің 14 облыс орталығы мен республикалық маңызы бар 3 қала қатысады. Соның негізінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрландыру саласы бойынша аймақтарда атқарылған жұмыстарды саралап, өз бағасын береді.
Бағалау процесі 11 түрлі бағыт пен 80 көрсеткіштен тұратын «Ақылды қалалар» эталондық стандарты негізінде жүргізілген. Олар денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, экология, әлеуметтік және т.б. салаларды цифрландыру бастамаларына қатысты болады.
Атап айтқанда, рейтингті құру кезінде әкімдіктердің мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруы, тұрғын үйлерге «ақылды» есептеуіш құралдарының орнатылуы, тіркелген стартаптардың саны, зияткерлік көлік жүйесінің енгізілуі, қоғамдық көліктің бағыт-бағдарын мониторингтеу сияқты қосымшалардың азаматтарға қаншалықты қолжетімділігін назарға алады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспанов:
– Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы екі жыл бұрын қабылданып, өңірлерде бірқатар жоба жүзеге асырылды. Әрине, олардың кейбірі тиімді болса, кейбірінің нәтижесі төмен болды. Цифрландыру саласындағы жалпы жағдайды көрсету үшін біз осы рейтингті әзірледік. Бұл сондай-ақ, өңірлердің «цифрлық» дамуын ынталандыру үшін қажет», — деді.
С. НҰРАЙ.