МӘМС: ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЕКІ ЖАРЫМ ЖЫЛДА 246,9 МЛРД. ТЕҢГЕ ЖАРНА ЖИНАДЫ

«Көп түкірсе – көл». Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2019 жылдың 31 желтоқсаны аралығында жұмыс берушілер мен жекеменшік кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) түскен аударымдар мен жарналардың жалпы сомасы 246,9 млрд. теңгені құраған.

Бұл туралы ақпаратты аталған қордың Жұртшылықпен байланыс департаменті мәлімдеді. Қорға түскен қаржының 96,3% немесе 237,7 млрд. теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, 3,7% жуығы немесе 9,2 млрд. теңге жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
Қор өкілдері жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталатынын тағы да еске салады. Олардың барлығы келешекте МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалатын болады.
Қордың келтірген дерегінде өңірлер көрсеткіші бойынша жарна төлеу жағынан Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұрғаны айтылады.