ЕЛІМІЗДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БАРҒАН 33 ҚЫЛМЫСКЕР ШЕТЕЛДЕ ЖҮР

Өткен жылдың 30-желтоқсанында Қазақстан ресми түрде Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тобының (ЕКСЖТ) құрамына кірді. Бұл топқа кіру елімізге не береді?
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Қазақстанның Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тобына кіруі «түйені түгімен, биені бүгімен жұтып», жемқорлық қылмыс жасап шетелде бой тасалап жүрген қылмыскерлерді тез құрыққа түсіруге сеп беретінін алға тартты.
Бүгінде еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған 65 қылмыскерді іздеу үстінде. Олардың 33-і шетелде жүр. Оларды тауып, құрықтау жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Қазақстан Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының елуінші мүшесі екені қаперіңізде болсын.