Жолақы көтерілгенмен, кемшілік жойылмай тұр
Түркістан қаласында осы жылдың 1-қаңтарынан бастап қоғамдық көліктердегі жол ақысы 70 теңгеге көтерілгені белгілі. Бұл желтоқсан айында қабылданған шешім болатын. Сол кезде жергілікті әкімдік бағаны көтеру арқылы жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартамыз дегенді нық сеніммен айтқан еді.
Бірақ бүгінде тасымалдау компанияларына қойылған бірқатар талаптар толық орындалмай отырғанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Қала билігі болса мәселені өз деңгейінде шешу үшін уақыт қажет екенін айтудан әріге аспапты. Бұл туралы Ontustik телеарнасы мәлімдеді.
Қалада 300-ге жуық қоғамдық көлік бар болса, соның 100-і шағын автобустар. Қалада жолаушылар нөпірі көп. Сондықтан да шағын автобустармен жүру көптеген адамдарға қолайсыздық тудырады. Жергілікті билік автобустарды жаңарту жыл аяғына дейін шешілетінін алға тартуда.
Қаперіңізде болса, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов былтыр желтоқсан айында автобустағы жол ақысын көтеріп қана қоймай, тасымалдаушы компанияларға да тиісті талаптар қойылып жатқанын, соның ең негізгісі сапалы қызмет көрсету дегенді тілге тиек еткен. Олардың қатарында жолаушылар алдында бейәдеп және былапыт сөздер айтпау, тізгінде отырып, темекі тартпау, қажет болса мүмкіндігі шектеулі азаматтардың автобусқа түсіп-мінуіне қол ұшын созу сынды міндеттер де бар. Және де ол егер тасымалдаушы компаниялар тиісті талапты орындамайтын болса, атқарушы орган онымен жасалған келісім шартты бұзып, өзге серіктестіктермен жұмыс жасайтынын қадап айтқан. Бірақ облыс орталығы болып табылатын қалада жол ақы қымбаттағанмен шаһар әкімі айтқан талаптар тиісті деңгейде сақталмай жатыр. Атап айтқанда, қоғамдық көліктердің кешке қарай жүруі күндізгі уақытпен салыстырғанда айтарлықтай сирей түседі. Мұның өзі ережені өрескел бұзуға жататыны сөзсіз. Барлық автобустарда кондукторлардың болуы, олардың тиісті формамен қамтылуы, сонымен қатар жүргізушілер еңбек ақысы көтерілуі қажет. Бірақ бұл талаптар да әлі күнге дейін толық іске асырылмаған. Қызмет көрсетуші компания өкілдері бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деп сендіріп отыр. Ал жергілікті билік өкілі болса аталған проблемалар толық шешілуі үшін уақыттың керек екенін айтудан әріге аспаған.
Сөз соңында Түркістан қаласында қоғамдық көліктер қыс мезгілінде кешкі сағат 21:00-ге дейін, ал, жазда 22:00-ге дейін жүруге міндеттелгенін айта кетейік.
С. НҰРАЙ.