ҚАЗАҚСТАНДА 102 МЫҢ АДАМ ҒАНА ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫН ЖАРАТА АЛАДЫ

Елімізде зейнетақы жинақтарын 102 мың адам ғана пайдалана алады. Бұл туралы еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Жуырда министр зейнетақы жинақтарын пайдалану мәселесін түсіндірді. Оның сөзінше азаматтар зейнетақы жинағындағы қаржыны пайдалану үшін ондағы сома зейнетақымен қамтамасыз ету шегіне жетуі тиіс. Зейнетақымен қамтамасыз ету шегі ер адамдар үшін 10 миллион, ал әйел азаматтардікі 12 миллион теңгені құрайды. Азаматтар осы сомадан артылған ақшаны баспана алу немесе ем-дом үшін рәсімдейді. Яғни, әйел адамның есепшотында 12 миллион 300 мың теңге болса, салымшы сол қаржының тек 300 мың теңгесін ғана рәсімдей алады. Ал қалған 12 миллион теңге оның өмірінің соңына дейін зейнетақымен қамтамасыз етуге қажетті жинақ ретінде сақталады.
Елімізде зейнетақы жинақтарын пайдалану тетігін қолданушылардың қатары көп еместігін жоғарыда айтып кеттік. Олардың саны алдағы уақытта да өсе қояды дегенге сену қиын. Себебі, қазіргі кезде еліміздегі салымшылардың жартысының жинақ сомасы 1 миллион теңгеге жетпейді.