Шетелдіктер тіркелу үшін табанынан тозбайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізге келген шетелдіктердің ішкі істер органдарында тіркелу мәселесі жойылды. Бүгінгі таңда ел аумағына 30 тәулікке дейін болатын шетелдіктер көші-қон қызметі органдарында тіркеуден өту міндетінен босатылды.
Егер олар ел аумағында 30 тәуліктен астам уақыт болған жағдайда уақытша тұруға рұқсат ресімделеді. Бұл ретте рұқсат алу үшін ІІО-на шетел азаматының өзі өтініш білдірмейді. Шетелдіктердің келуі, болуы және уақытша тұруына рұқсатты ресімдеу жауапкершілігі оларды қабылдаушы жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі. Олар қонақ үйлер, хостелдер, жалға берілетін пәтерлер, емдеу-профилактикалық мекемелер, жеке тұлғалар және т.б.
Өз кезегінде шетелдікті қабылдаушы тараптар үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметіне шетел азаматы туралы хабардар етуге міндетті.
Бұл талаптар бұзылған жағдайда заңнамаға сәйкес қабылдаушы тарап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жеке тұлғаларға ескерту жасауға, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-15, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Осыған байланысты, құқық қорғаушы орган өкілдері ҚР-да шетелдіктерді қабылдайтын жеке және заңды тұлғаларға осы мәселеде заңнамалық нормалардың бұзылуына жол бермеуді ескертеді.
Бұл ретте жүйелі жұмыс жүргізу артық әкімшілік кедергілерді жояды, сондай-ақ, елдің инвестициялық және туристік тартымдылығы мен Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестерінің ашықтығын арттырады.
Қазіргі таңда Шымкент қалалық полиция департаменті осы бағытта тиісті мамандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы құзырлы орган өзінің фейсбуктегі парақшасында мәлімдеген.