«РАКЕТАЛЫҚ ШАБУЫЛ БҰЛ АҚШ-тың БЕТІНЕН ҰРҒАН ШАПАЛАҚ»

Али ХАМЕНЕИ, Иранның жоғары басшысы: 

Жаһан жұрты Иран мен АҚШ-тың текетіресіне алаңдаулы. Әлем алаңы қаншалықты орынды? Қақтығыстың соңы сұрапыл соғысқа ұласуы мүмкін бе? Осыған байланысты сауалдарға саясаттанушылардың айтқан пікіріне жұрт құлақ түріп отыр. Көптеген саясаттанушылар бұл текетірестен соғыстың болу қаупінің ықтималдығы төмен дегенді алға тартуда. Ал бір тарап соғыс бола қалса Иран АҚШ-қа оңай жұтыла салмайтынын, себебі үш мың жылдық тарихы бар бұл мемлекет күрескерлікке  әбден үйренгенін айтуда. Текетірестің бұлайша ушығуына не түрткі болды?

Осы жылы 3-қаңтар күні тікелей Дональд Трамптың тапсырмасымен АҚШ Бағдат әуежайы аймағына зымыранмен соққы жасаған. Салдарынан он адам қаза болған еді. Қаза болғандардың ішінде Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы «Кудс» арнайы бөлімшесінің басшысы, генерал Касем Сулеймани және Ирактың «Аль-Хашд аш-Шааби» шейіт жасағының бірқатар жоғары лауазымды мүшесі болды.
Иран халқы генарал Касем Сулейманидың бұлай жермен жексен етілуін зор күйзеліспен қабылдап, оның өлімі үшін АҚШ-тан кек алатындарын нық айтқан. Генаралдың қазасы үшін кек қайтарылатынын нақты іспен көрсету үшін араға көп күн де салмай 8-қаңтарда Тегеран Сулеймани өліміне жауап ретінде Ирак аумағында орналасқан Америка Құрама Штаттарының «Айн-аль-Асад» әуе базасы мен Эрбиль әуежайына 10-нан астам зымыран соққысын жасаған.
Арнайы операцияны Тегеран «шейіт болған Сүлеймани» деп атады.
Иранның жоғары басшысы Али Хаменеи 8-қаңтар күні мемлекеттік телеарнада тікелей эфирде жасаған мәлімдемесінде аталған операцияны «ракеталық шабуыл бұл АҚШ-тың бетінен ұрған шапалақ» деп теңеді. Сонымен қатар, Иран басшысы 2015 жылғы ядролық келісім бойынша Вашингтонмен қайта келіссөз болмайтынын қадап айтты. Бұдан алдын, дәлірегі генералдың өлімінен кейін Иран 2015 жылғы келісімді бұзатынын ашық хабарлаған.
Әскери базаға жасалған соққы нәтижесінде қанша адам шығыны болғаны жөнінде нақты мәлімет айтылмады.
АҚШ әскери базасына жасалған соққы арқылы Иранның ашуға мініп отырғанын түсіну қиын емес-тін. Қазіргі таңда Ирандағы барлық мемлекеттік мекемелерде кек алынбайынша қайта түсірілмейтін қызыл ту көтерілген.
Жұрт Таяу Шығыстағы саяси ойыншының өлімі, ол үшін қайтарылған кек туралы ақпаратты үреймен қабылдап жатқанда, Парсы шығанағында орын алған тағы бір суыт хабар тарады. Ол украиналық халықаралық әуе кемесінің Тегеран маңында апатқа ұшырағаны болды. Ұшақта шамамен 160-тан астам жолаушы, 9 экипаж мүшесі болған. Одан аман қалған жан адам жоқ. Әуе кемесінің апатқа ұшыруының алдын ала болжамы – техникалық ақаулық деп айтылуда. Ал Украина президенті Владимир Зеленский болса апатқа қатысты ресми мәліметтер шықпайынша ақпаратты бұрмалауға жол бермеуге шақырды. Апатқа ұшыраған ұшақта еліміздің азаматтары жоқ екенін ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Отандық БАҚ БҰҰ-дағы Иранның тұрақты өкілі Маджид Тахт-Раванчи
іргелі ұйымның бас хатшысына арнайы хат жолдағаны туралы ақпар таратты. Бұл хатта АҚШ-тың жасап отырған әрекеттерін Иран қатты сынға алып, Таяу Шығыс өңірінен Америка әскерінің толықтай шығуын талап етуде. Алайда бұл талапты АҚШ-тың қалай орындайтыны әзірге белгісіз.
АҚШ-тың әскери базасына жасалған шабуылдан соң Иранның Сыртқы істер министрі «біз соғыс ашуға мүдделі емеспіз. Алайда өзімізді кез келген агрессия алдында қорғайтын боламыз» деп мәлімдеме жасаған. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп болса 8-қаңтарда үндеу жасады. Президент өзінің 9 минуттық жолдауында ракета шабуылынан АҚШ әскерилері зардап шекпегенін атап өтті. Соған қарамастан Америка Құрама Штаттары Иранға қарсы жаңа қатаң санкциялар енгізетінін, Тегеран ядролық амбицияларынан бас тартып, терроризмге қолдау жасағанды доғаруы тиістігін мәлімдеді. Өз сөзінде АҚШ көшбасшысы «Иран халқы мен басшылығына мынаны айтқым келеді: Біз сіздердің болашағыңыз жарқын болғанын қалаймыз. Сіздер оған лайықсыздар. Мемлекет өркендеп, әлем елдерімен үйлесімді достық қарым-қатынаста болса дейміз. Америка Құрама Штаттары бейбітшілікке ұмтылған әрбір елмен тату болғысы келеді», -дей келе, өз сөзін Иранды «ортақ мақсаттар жолында» ынтымақтасып, ДАИШ террористік ұйымына қарсы бірге күресуге шақыру туралы оймен түйіндеді.
Екі елдің текетіресі жаһанның көптеген елдерін жайшылықпен айналып өтпейтіні белгілі. Сондай елдердің қатарында Қазақстан да бар. Жалпы Қазақстан мен Иран елі бір-бірінен айтарлықтай алшақ орналаспаған. Екі ел Каспий теңізі акваториясын бөліседі. АҚШ пен Иран жанжалы Қазақстанға қандай залалын тигізуі мүмкін? Бұл тұрғыда сарапшылар нақты мәлімет берген жоқ. Дегенмен де олар қазіргі текетірес салдарынан мұнай бағасы өскенін, бұл теңгенің нығаюына әсер етіп жатқанын атап өтуде. Сонымен қатар, олардың басым көпшілігі алыптардың арпалысында Қазақстан барынша бейтарап саясатты ұстануы тиіс деген пікір білдіруде.
Айтпақшы, аптаның сәрсенбісінде Иранда Таяу Шығыстағы үлкен саяси ойыншы, генерал Касем Сүлеймениді жерлеу рәсімі болуы тиіс еді. Бірақ ол кейінге қалдырылды. Себебі, қаралы жиынға келген жұрттың саны миллионнан асты. Адамдардың көптігенен 56 адам тапталып, сол жерде жан тәсілім етті.
Ақ Үй басшысы Дональд Трамп Иранның Касем Сүлеймани генералының көзі неге жойылғанын «Оның қолы қанға малынған еді. Ол Америка азаматтарына қарсы шабуылға дайындалды және оны бұған дейін құрту керек еді», — деп түсіндірді.
Саясаттанушы Олжас Беркінбаев Иранда қазіргі уақытта шамамен 5-6 мың қазақ тұратынын, оның сөзінше қазақ диаспорасы Каспий жағалауына жақын Гүлістан аймағында шоғырланғанын, ол қауіп аймағынан алыс орналасқан аумақ екенін алға тартуда. Және де ол ондағы қазақ диаспорасының басым көпшілігі негізінен кәсіпкерлікпен шұғылданатынын да жеткізді.
Таяу Шығыстағы жағдайға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та алаңдаушылық білдіріп, арнайы кеңес отырысын шақырды. Мемлекет бұл мәселе ушықпас үшін дипломатиялық келісім түріне көшіп, тараптардың мәселені талқылауы қажет екенін айтты. Сондай-ақ, ел президенті тиісті органға Таяу Шығыстағы Қазақстанның дипломатиялық мекемелерінің, елшіліктерінің және сыртта жұмыс істеп жүрген азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

С. ИБРАГИМОВА.