ӨЗБЕКСТАНДА ТОЙ КОРТЕЖІ ҮШ КӨЛІКПЕН ҒАНА ШЕКТЕЛЕТІН БОЛАДЫ

Көрші Өзбекстан елінде жұрт күтпеген тәртіп орнатылды. Осы жылдың  1-қаңтарынан бастап елде аста-төк той жасауға қатаң тыйым салынды. Тіпті ел тұрғындары той жасау үшін тиісті мекемеге барып, алдын ала хабар беруге міндеттелді. Тарқатып айтсақ…

Былтыр қыркүйек айында Өзбекстанда тойлар мен салтанатты шараларды өткізудің ауқымы мен ережелері белгіленген қаулы қабылданған болатын. Аталған құжат биылғы 1-қаңтардан бастап күшіне енді. Соған сәйкес, енді ала қалпақты ағайындар отбасылық іс-шараларын тек бір күн таңғы сағат 06:00 ден түнгі 23:00-ге дейін (жерлеу рәсімін қоспағанда) өткізе алатын болады. Үйлену тойын жасау үшін той иесі өзінің тұрғылықты жері бйынша басқару органына хабардар етуі міндеттеліп отыр.
Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтындар үшін бұл жаңа жүйе ұнай қоймағаны анық. Ендігі жерде үйлену той кезінде жасалатын бірқатар рәсімдерді өткізу заңмен шектеліп отыр. Атап айтқанда, келин навкари (қалыңдықтың қыз жолдастарының отырысы), чорлар (тұрмысқа шыққан қызының құрметіне арналған кешкі ас), ота кўрди (қалыңдық әкесінің күйеу баланың шаңырағына жасау беруі), тоғора юбориш (калыңдық пен күйеу жігіт туыстарының тамақ және сыйлықтармен алмасуы) және т.б рәсімдерді өткізуге тыйым салынды.
Жаңа тәртіпте бұдан бөлек барлық мерекелік шаралардың 23:00-ден кейін аяқталуы тиіс екені, отбасылық іс-шараларға 200 адамға дейін, ал екі жұптың тойы болғанда, 250 адамға дейін қатысуға рұқсат берілетіндігі көрсетілген.
Өзбекстан билігі той кортежінде жүретін көліктердің саны үш жеңіл автокөліктен аспауы тиістігі жөнінде де шара қабылдап қойған.