Уақыт талабына сай болу – «Уақыттың» басты мақсаты

Кезекті доңыз жылының түгесілуіне сәл күндер қалды. Осыған орай қоғам өмірінің сан саласындағы жұмыстар сараланып, жыл бойына атқарылған тірліктер қорытындыланды.

Тарих қойнауына еніп бара жатқан бұл жылда жүзге шаттық орнатқан жағымды жаңалықтар да, талай жанарларды сындырған жаға ұстатар жағдайлар да орын алды. Осы ретте қолына қалам ұстаған журналистердің қоғам өмірінде болып жатқан сол оқиғаларды халыққа дер кезінде жеткізіп, олардың жақсыға асығып, жаманнан қорғануына себепкер болу үшін күн-түн демей еңбек еткенін айтпай кетуге болмас. Сол еңбек үшін халықтың біздерге айтылған алғыстары, көрсетілген құрметтері көңілімізді семіртіп тастайтынын да жасырып қайтеміз?! Ал қолында құрығы бар билікте отырған азаматтар, «сын айтты» деп сырт айналмай, сол еңбегімізді елеп, ескеріп жатқаны біздер үшін зор мәртебе. Осы аптада Шымкент қаласының әкімі өңірдегі бірқатар БАҚ өкілдерін сондай мәртебеге кенелтті.
Қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы «Алғыс хатпен» ақпарат саласының үздіктерін марапаттады. Сонымен қатар, «Үздік номинациялар – 2019» байқауының жеңімпаздарын құттықтады. Үздіктер сапында біздің ұжым «Үздік Мерзімді басылым» номинациясын иеленді. «Уақыт» газетінің мұндай биікке жетуі көзі қарақты оқырмандарымыздың арқасы деп білеміз.
Есік қағып кіргелі тұрған жаңа жылдың есігін 9000 оқырманмен бірге ашқалы отырған «Уақыт» газеті алдағы жылда да ерекше қарқынмен жұмыс істеп, уақыт талабымен үндесе жүретін болады. Біз алдағы жылы оқырмандарымызды сапалы, қызықты материалдармен, тұшымды дүниелермен қуанту жолында қанатымызды кең жаюға қадам баса беретінімді баса айтқым келеді.
Жаңа жыл қарсаңында баршаларыңыздың болашақтарыңыз бен бастаған істеріңізге баяндылық тілейміз.

«Уақыт».