Жемқорлық — індет, оны жою міндет

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты туралы мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс екендігін, жемқорлық — жай құқық бұзушылық емес, ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінететіндігін және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналатындығын атап көрсеткен еді.
Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі — парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын анықтап түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Яғни пара беру де, пара алу да пайда болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті деп көресетілген.
Шымкент каласы бойынша тексеру комиссиясы құрылған кезден бастап жемқорлыққа қарсы күресті күн тәртібінен түсірген емес. Әрбір өткізілген жиналыс, техникалык сабақ, дөңгелек столда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы қызметкерлерге айтылуда. Сонымен қатар, 2019-2023 жылдарға арналган перспективалық жоспарында көрсетілген сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы әрекет ету бойынша шаралар бақылауға алынып, орындалуда, Осы орайда ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі және мемлекеттік аудиторлардың кәсіби әдеп қағидаларын сақтауға жүгінуіміз керек.
Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кешендік негізде, яғни мемлекеттік органдар мен қоғамдағы азаматтардың тығыз қарым-қатынасында жүзеге асырылуы тиіс.

Т. САРТАЕВ,
Шымкент каласы бойынша
тексеру комиссиясы аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі.