Сыйлық алып, сый-құрметсіз қалмаңыз!

Мереке қарсаңында адамдар бір-біріне ақшалай немесе сыйлық түрінде тарту-таралғы жасап жатады. Дей тұрғанмен, мемлекеттік қызметшіге немесе оған теңестірілген тұлғалардың қызметтік міндетін орындауы кезінде сыйлық алуы немесе оған сыйлық беру мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттер болып табылады. Бұл «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңда шегеленген.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметші немесе оған теңестірілген тұлғалар лауазымдық міндеттерін атқаруы кезінде сыйлық қабылдауға, ал оларға жеке және заңды тұлғалардың сыйлық ұсынуы заңнамамен тыйым салынатынын қатаң ескертеді.
Сонымен қатар, департамент өкілдері мемлекеттік қызметші немесе оған теңестірілген тұлғалар білмей түскен немесе жария түрде берілген сыйлықтарды 7 күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшелеріндегі арнаулы мемлекеттiк қорға тапсыруы тиістігін алға тартады.
Мемлекеттік қызметшілер, жеке және заңды тұлға өкілдері өздеріне білмей түскен немесе жариялы түрде келіп түскен сыйлықтарды аталған қорға тиісті мерзімде тапсырмаса, бұл олардың қылмыстық не әкімшілік жауаптылыққа тартылуына негіз болады.
Сондықтан да сыйлық аламын деп, сый-құрметсіз қалып қоймаңыз.

С. БЕК.