Шымкентте 450 көп балалы ана қоныс тойын тойлайды
Осы жылы Шымкентте қалалық құрылыс басқармасы тарапынан салынып жатқан 59 үйдің 27-сі пайдалануға беріледі. Бұл жалпы аумағы 120 мың шаршы метр болатын 1554 пәтер тапсырылады деген сөз.
Бүгінгі таңда кредиттік және жалдамалы көп қабатты 13 үй берілсе, жыл соңына дейін тағы көп қабатты 14 үй тапсырылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар жыл аяғына дейін Шымкент қаласындағы көп балалы отбасыларға арналған жалдамалы 10 үй мен жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы 6 үй пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 450 көпбалалы отбасы мен 904 жас баспаналы болмақ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Осыдан бірер күн бұрын қала әкімі Ерлан Айтаханов сол көп балалы аналар мен «Жастар жылы» аясында жұмыс істейтін жастарға берілетін тұрғын үйлерді аралады. Қаладағы әкімшілік іскерлік орталығы, «Шымкент Сити» шағынауданы мен Ақназархан,
Ю. Гагарин көшелерінде орналасқан үйлерді аралау барысында мегаполис әкімі тиісті басшыларға ең алдымен тұрғын үйлердің сапасына мән беру керектігін, оларды газ, жылу, жарықпен қамтамасыз етудегі жұмыстарында шикілік болмауын баса айтты. Сондай-ақ ол, үйлердің қасбеттері де көз тартарлықтай болуын ескертті. Мердігер мекемелерге нысандарды дер кезінде тапсыруды шегеледі.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін де біз биыл «Жастар жылы» аясында еліміздің үш мегаполис қаласында атап айтқанда, Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін бес жыл мерзімге жалдамалы пәтер берілетіні туралы хабардар еткенбіз. Осы мақсатта Шымкентте сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлерге ие болу туралы тиісті құжаттарды қабылдау жұмыстары ағымдағы жылдың 25-қарашасында басталып, 1-желтоқсанға дейін созылған болатын. Арнайы бағдарлама бойынша шымкенттік жастарға 904 пәтер беру жоспарланған-тын. Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы бұл жеңілдікке қатысу үшін барлығы 943 құжат қабылданғанын мәлім етті. Қазіргі таңда тиісті органдар арқылы жастар тапсырған құжаттар өңделіп, олардың тиісті талаптарға сәйкестігі реттелу үстінде.
Жалпы өткен жылы қала бойынша 439,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Оның ішінде жеке тұрғын үйлер – 205,2 мың шаршы метр (1101 пәтер), арендалы-коммуналдық үйлер – 51,3 шаршы метр (864 пәтер), кредиттік үйлер – 16,2 мың шаршы метр (246 пәтер), коммерциялық үйлер – 166,5 мың шаршы метр (1718 пәтер) болған.