Мерейлі іс иелері Мемлекеттік наградамен марапатталды

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы Ақорда төрінде  елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында күнгейлік азаматтар да бар.

Өз кезегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын әнші, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» РМҚК әртісі Роза Рымбаева мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» ӨБ кен өндірістік кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Мақышевке берді.
Ал жазушы Илья Жақанов, «Alageum Electric» холдингтік компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Сайдулла Қожабаев, «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Виктор Тильдің кеудесіне «Отан» ордені жарқырата тағылды.
Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, «М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті» РМК бас ғылыми қызметкері Мекемтас Мырзахметұлы мен жазушы Төлен Әбдікұлы І дәрежелі «Барыс» орденімен, «ЛОРД дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернат» КММ мұғалімі Рахат Әзімбаева, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, мемлекетаралық су шаруашылық үйлестіру комиссиясы жанындағы Су шаруашылық мәселелері бойынша ғылыми-ақпараттық орталығы Қазақ филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.
«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» РМК профессоры Мәмбет Қойгелдиев, жазушы Қойшығара Салғараұлы, сценограф және костюмдер бойынша суретші Павел Драгунов,»Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы» РММ доценті Нұржан Жампейісов, әнші Жанқұл Тамара Асар, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» КЕАҚ оркестр концертмейстері Дамиля Махпирова, «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры» РМҚК дирижері Ренат Салаватов, сценограф және костюмдер бойынша суретші София Тасмағамбетова ІІІ дәрежелі «Барыс» орденін алды.
Президент «Парасат» орденін «Железнодорожное-АМФ» ЖШС директоры Максим Артемук, еңбек ардагері Оразкүл Асанғазы, журналист-публицист Жанболат Аупбай, «Шымкент қалалық орыс драма театры» МКҚК басшысы Игорь Вербицкий, еңбек ардагері Клара Жұмабаева,»ПМК- 117″ ЖШС директоры Ольга Попова, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» ЖШС бас директоры Елена Сакенова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенкоға табыстады.
Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қаринге ІІ дәрежелі «Достық» ордені берілді. Ал осы жылғы «Құрмет» ордені «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ бөлімше меңгерушісі Ербол Махамбетов,»Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитеті» ҚБ бокстан ұлттық құрама командасының нұсқаушы – спортшысы Бекзад Нұрдаулетов, Қазақстан Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәлиге тапсырылды.
«Хлебороб» ЖШС механизаторы Марат Боранбаев, «Жайлау» ЖШС бас шопаны Есет Өтесов,»ҚТЖ Жүк тасымалдау» АҚ филиалы Жамбыл пайдалану локомотив депосының вагон қараушысы – жөндеушісі Николай Хомутенко ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.