«Алдағы жылы топырақ жолдар мәселесі түбегейлі шешіледі»

Ерлан АЙТАХАНОВ,
Шымкент қаласының әкімі:

Кешегі аптада Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Еңбекші ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында ашылған балалар алаңшасы, тренажер мен спорт алаңдарының салтанатты ашылуы кезінде осылай деді.

Ел игілігіне берілген нысандардың лентасын қию кезінде қала әкімі тұрғындарға айтқан құттықтау сөзінде келер жылдан бастап шалғай аудандардағы инфрақұрылым мәселелері мегаполис мәртебесіне сай болуына басымдық берілетінін айтты. Ерлан Қуанышұлы:
– Кезінде Түркістан облысына қарасты үш ауданнан Шымкент территориясына қосылған 41 елді мекендегі инфрақұрылым мәселелерін шешу біздің назарымызда. Алдағы уақытта ондағы инфрақұрылым мәселелерінің мегаполиске сай болуын қамтамасыз ету біздің алға қойған негізгі мақсаттарымыздың бірі. Алдағы жылдан бастап біз қала бюджетін осы мәселелерге бағыттағанды жөн көріп отырмыз. Бүгінде Шымкент қаласында 8 елді мекен тұрғындары ауызсуды тасымалдап ішеді. Топырақ жолдар жетерлік. Осыған орай 2020 жылы біз бюджеттен сегіз елді мекеннің ауыз су мәселесін толық шешкелі отырмыз. Сонымен қатар, қалада ешқандай топырақ жол болмайды. Топырақ жолдардың барлығына шағал тас төсеп, аталған проблеманы біржола жабамыз, — деді.
Жыл сайын Шымкентте жол жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Тиісті жұмыстар атқарылғанмен топырақ жол мәселесі түбегейлі шешімін таппай жатқаны жасырын емес. Мәселен, осы жылы Еңбекші ауданында 8,74 шақырым жол асфальтталған. Аудан аумағында 23,56 шақырымға шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы аудан әкімі Ғалымжан Ильясов қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте ағымдағы жылдың он айында атқарған жұмыстарын қорытындылау бойынша берген мәлімдемесінде айтқан. Бұл жұмыстар үшін бюджеттен 167,8 млн. теңге қаржы бөлінген. Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда ауданда топырақ жолдың жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайды.
Ал Әл-Фараби ауданында 26,6 шақырым топырақ жол бар. Аталған ауданда жалпы ұзындығы 281,8 шақырымды құрайтын 404 көше болса, соның 204,6 шақырымы асфальт жабынымен қапталған. 39,9 шақырымы тас жол болып табылады. Ағымдағы жылдың 1-қарашасындағы жағдай бойынша 34 көшеге ағымды жөндеу және 3 көшеге қайта құру жұмыстары жүргізілген. Жалпы жолдарды жөндеу жұмыстарына бюджеттен 7,8 млрд. теңге қаржы қаралған.
Абай ауданында көшелер саны-1025 болса, оның тек 53,2 % немесе 545-і асфальтталған. 377 көше тас жол болса, топырақ жол болып табылатын көше саны 103-ке жетеді. Бұл аудандағы барлық көшелердің 10 пайызын немесе 58,95 шақырымын құрайды.
Қаратау ауданы бойынша жалпы ұзындығы 1 110 шақырымды құрайтын – 1 272 көше бар. Оның 481 шақырымы, яғни, 375 көше – асфальтталған. Шағал тас төселген 751 көшенің ұзындығы 518 шақырымға созылған. Ауданның 110 шақырымы немесе 146 көшесі топырақ жолдар.

М. ӘБДІРАЙЫМ.