КӘСІПТІК БІЛІМДІ ТАҢДАҒАН КҮНГЕЙЛІК ЖАСТАР ҮЗДІК ҮШТІККЕ ЕНДІ

Нұр-Сұлтан қаласында өткен еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласының әлеуетін көрсететін «WorldSkills Kazakhstan-2019» атты V- республикалық чемпионатта күнгейлік жастар үздік үштікке еніп, мерейімізді көтерді.

Техникалық және кәсіптік білімді дамытуға бағытталған байқауда еліміздің барлық өңірлерінен келген 425 студент 38 түрлі мамандық бойынша жұмыс дағдылары деңгейімен сайысты. Конкурсқа қатысушылардың қарым- қабілетінің қай деңгейде екенін 500-ге жуық сарапшы-төрешілер бағалады.
Жастарға кәсіптік бағдар беру, ел экономикасын дамыту барысында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, сарапшылар қауымдастығын құру және халықаралық стандарттар негізінде техникалық мамандықтар бойынша өндіріс орындары саласын жоғары технологиялық мамандармен қамтамасыз ету механизмін құру бағытында бесінші рет ұйымдастырылып жатқан бұл байқауда Түркістан жастары 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Білім мен дағды, қабілет пен қарымды танытатын «WorldSkills Kazakhstan-2019» байқауында жерлестеріміз 17 құзыреттілік бойынша өз ісінде «Үздік» атағын қорғап, жүлдегер атанды.

М. ӘБДІРАЙЫМ.