ТАЛАНТТЫЛАР ТАРТЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

Осыдан біршама уақыт бұрын газетімізде «Тұлпар мініп, ту алған!» атты байқаудың болатыны туралы жарияланған.

Тиісінше ұйымдастырушылар да бауқаудың өтетіні туралы қаладағы мектептердің барлығына алдын ала сауын айтып, хабарлаған болатын. Сол кезде байқаудың екі кезеңнен тұратыны да айтылған. Осы аптада конкурстың ақтық мәресі өтіп, жеңімпаздар анықталды.
«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына Шымкент қаласы бойынша 116 мектептен 1000-нан астам оқушы қатысқан. Қалалық кезеңге өту үшін алдымен төрт ауданда іріктеу конкурсы өткізілген. Абай, Әл-Фарабаи, Еңбекші, Қаратау аудандарында өткен бауқау нәтижесі бойынша, қалалық кезеңге барлығы 12 оқушы жолдама алған.
Шешуші кезеңде яғни, қалалық конкурста өздерінің бағы мен бабын сынаған 6-10 сынып арасындағы байқау қатысушылары 132 бет, 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтты. Сонымен қатар олар, байқау ережесіне сәйкес жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап берді. Қалалық кезеңде І-орынды №9 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Махсут Салтанат жеңіп алды. Екінші орын №82 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Қонарбаева Қарақатқа бұйырды. Үшінші орынды №36 мектептің 9-сынып оқушысы Әбдікер Асел қанағат тұтты. Алдын ала мәлім етілгендей бірінші орынды иеленген оқушыға 1 миллион теңге берілсе, жетекшісіне 2 миллион теңге, екінші орынға 600 мың, жетекшісіне 1 200 000, ал үшінші орынға 300 мың, ал жетекшісіне 600 000 теңге табысталды. Жыр жаттап рухани әлемін байытқан жеңімпаздар мен олардың жетекшілерін қала әкімі Ерлан Айтаханов қабылдап, жетістіктерімен құттықтап, сыйлықтарын табыстап, арнайы дипломмен марапаттады.

С. НҰРАЙ.