Түркістан көгалды төңірекке айналады

Биыл Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа-райы қолайлы аймаққа айналдыру мақсатында шаһардың айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары қолға алынды. Оның жалпы аумағы 7700 гектар жерді құрайды. 2021 жылға дейін арнайы аумаққа 3,5 млн. екпе ағаш пен 500 мыңға жуық бұталар егілмек. Бұл жұмыстар облыс орталығын жасыл қалаға айналдырып қана қоймай, оның атмосфералық ахуалын жақсарта түспек. Осы мақсатта 2019 жылдың көктемінде 160 мың көшет отырғызылса, күзде 2000 гектар жерге 478 мың көшет егілген. Сондай-ақ, 300 гектар тәлімбақта 400 мыңға жуық сеппе көшет отырғызу жұмыстары жүруде.
Көгалдандыру үшін қала 32 секторға бөлінген. Олар облыстың әр аудан, қаласына бекітіліп берілген. Өз кезегінде аудан, қалалар өздері жауапты болып бекітілген секторға ағаш отырғызу, абаттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Сәрсенбіде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деді.

Ол қазіргі таңда құрылыс алаңына айналған қалада өңір әкімдіктері, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 28 нысанның құрылысы талапқа сай жүргзіліп жатқанын айтты. Ал әкімшілік іскерлік орталығында облыс әкімдігінің, басқармалар ғимараттары мен Конгресс-холл және Медиа орталықтың, Нұр-Сұлтан алаңы, Қ. А. Ясауи
мұражайы, оқушылар сарайы, стадион, музыкалық мектеп пен цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені, смарт сити байланыс желілері, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі мен қалалық саябақ, туризм бағытындағы колледж және халыққа қызмет көрсету орталығы бой көтеріп жатқанын, биыл 11 нысанды пайдалануға беру жоспарланғанын жеткізді.
Аймақ әкімінің айтуынша жыл аяғына дейін Түркістан қаласындағы әкімшілік іскерлік орталығында 2351 пәтерлік 52 тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек ол қала аумағында 11 мың гектар алқапты азық-түлік белдеуіне айналдыру жұмыстарының барысы туралы баян етті. Және су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп жатқанын хабардар етті.
Өмірзақ Естайұлы Түркістан қаласында атқарылып жатқан қыруар жұмыстармен ғана тоқталмай, облыстың өзге, аудан қалаларында оябы табылған тірліктер мен олқылықтарды да сөз етті.
Екі миллионға жуық тұрғыны бар Түркістан облысында 9 индустриалдық аймақ құрылған. Аудан, қалаларда қаланған индустриалдық аймаққа 455 гектар жер бөлінген. Оның 7-не инфраструктура тартылған. Жалпы құны 41 млрд. теңгені құрайтын 60-қа жуық жоба аясында үш жарым мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ.
Осылай деген ол ағымдағы жылдың 24-маусымында оқ-дәрі сақтайтын қоймалардағы жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы да баяндады. Өз сөзінде ол:
– 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы бірігіп, зақым келген үйлерді қалпына келтірді. Арыс қаласында жалпы 8637 тұрғын үй (8534 жеке, 103 көпқабатты тұрғын үй) нысандары бар. Оның ішінде, 7163 тұрғын үй жөнделіп (7063 жеке, 100 көпқабатты тұрғын үй) және 470 үй (467 жеке, 3 көпқабатты тұрғын үй) қайта салынуда. Арыс қаласының инфрақұрылымы да күрделі жөндеуден өтуде. Қала көшелеріндегі ақауларды жою бойынша атқарылған іс-шаралар аясында жалпы ұзындығы 59,7 шақырымды құрайтын көшелерге жөндеу жұмыстары (асфальт жабындысын салу, аяқжол, су ағарлар, жарық шамдар орнату) жүргізілді. Жалпы 68 әлеуметтік нысанның жөндеу және құрылыс жұмысы қолға алынып, 62-сі пайдалануға берілді, — деді.

С. НҰРАЙ.