ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛҒАН ЖАСТАРДЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫ САРБАЗ БОЛУҒА ЖАРАМСЫЗ
Дөңгеленген дүниенің тұрғындары 7,5 миллиардтан асатыны белгілі. Сол қалың халықтың ішінде 2,1 миллиардтан астамы семіздік пен артық салмақтан зардап шегеді екен. Семіздікке қатысты статистикалық дерек Қазақстанда да мәз емес. Бүгінде еліміздегі халықтың 20 пайызы семіздікке шалдыққан. Дәл қазіргі таңда семіздік қазақстандық әйелдердің 27,6 пайызында, ал ерлердің 15,9 пайызында анықталған екен.
Семіздікке тойтарыс берудің ең басты жолы – салауатты өмір салтын ұстану. Осы мақсатта Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері салауатты өмір салтын насихаттауды қолға алуда. Қызметкерлер бұл бағыттағы шараларды нақты іспен көрсетуге кірісіп кеткен.
Яғни олар, жұмыс уақыты кезінде кабинеттен тысқа шығып, бір уақыт спортпен шұғылдануды дәстүрге айналдыруда. Ақ халаттылар мекеменің ауласында дене шынықтыру жаттығуларын жасап, бойды сергітіп, санаға серпіліс сыйлауда. «Салауатты өмір салтын сақта!» атты бұл шара алдағы уақытта да жүйелі жалғасатын болады. Мақсат – жергілікті халықтың, әсіресе жастардың бетін салауатты өмір салтына бет бұруына ықпал ету.
Өз кезегінде мамандар соңғы кездері Қазақстан халқының, соның ішінде жас буынның денсаулығы мығым емес екенін алға тартуда. Әскерге шақырылған жастардың 50 пайызы денсаулықтарындағы кінәратқа байланысты қорғаныс күштері сапына қабылдануға жарамсыз болып жатқаны соның жарқын мысалы. Осыған орай, мамандар салауатты өмір салтын насихаттауды мектеп қабырғасында білім алатын өскелең ұрпақ арасында кең көлемде жүргізудің маңызы зор екенін айтуда.
С. НҰРАЙ.