ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚАСБЕТІ КӨЗ ТАРТУЫ КЕРЕК

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлыбританияның Маргит қалашығындағы Годвин-Роуд көшесінде қасбеті кез келген жүргіншінің де, жүргізушінің де назарын өзіне бірден аудартатын ғимарат пайда болды.

Нысанды үш қабатты үйлердің арасынан ерекшелендіріп тұрған деталі оның қасбеті еді. Онда үш қабатты ғимараттың қасбеті есік терезелерімен бірге жол жиегіне қарай сырғып бара жатқандай әсер қалдырады. Ғимараттың ең жоғарғы қабатындағы шашылған ағаштар, терезе жақтауларының қирандысы экстерьерді бір қарағанда қасбеттің иіліп бара жатқан көрінісі тап қазір болып жатқан жағдайдай әсер қалдырады. Иілген қасбет металлдан жасалған. Оған кірпіштер қолмен өрілгендей етіп бекітілген. Содан соң иілген терезелер жапсырылған. Терезелерге зер салсаңыз оның ар жағында бөлмеге ерекше сән беріп қана қоймай үй ішіндегі ауанды жақсарта түсетін перделердің де тұтылғанын байқауға болады.
Тың идеяның авторы британдық дизайнер Алекс Чиннек еді. Бұл кісінің арқасында бірнеше жылдан бері қараусыз, қаңырап бос тұрған сол ғимарат туристер көп тамашалайтын орынға айналды. Оған дейін жергілікті тұрғындар қаңыраған бос ғимараттың айналаның ажарын құртып тұрғанын, сол үшін оны сүру туралы тиісті мекемелерге бірнеше рет өтінішпен шыққан. Бірақ өз ісінің шебері Алекстің арқасында ол туристердің асыға келетін төңірегіне айналды. Жобаны жүзеге асыруға 1 жыл уақыт кеткен. Ол жергілікті тұрғындар мен демеушілердің жинаған қаржысымен іске асқан. Төменге қарай сырғып бара жатқан қасбет үшін 100 мың фунт стерлинг жұмсалған. Бұл қаржы аз уақыт ішінде өзін ақтаған. Себебі осы ғимарат қалашыққа көптеген туристерді тартқан. Бұл жағдай арқылы үйлер мен ғимараттардың қасбетін әрлеу жұыстарының зор маңызға ие екенін тағы бір түйсінуге болады.
Осы аптада Шымкентте қалалық сәулеттік кеңестің алғашқы отырысы болып өтті. Құрамында 23 адам бар кеңес отырысына қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе – «Shymkent City» қалашығындағы, Ұ. Арғынбеков көшесіндегі, «Нұрсәт» мөлтек ауданындағы «Nur-Sultan Plaza»-дағы көп қабатты тұрғын үй кешендері және олардың қасбеттерінің көрінісі туралы болды. Аталған үйлердің сыртқы көрінісі жоғарыда келтіргендей оқыс жағдайды еске түсіретіндей болуы міндетті емес. Бірақ олардың қасбеті қала көрінісіне ерекше сән кіргізетіндей әрленуі тиіс. Мұндай тапсырманы қала әкімі Ерлан Қуанышұлы құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компаниялармен болған жекелеген кездесулерде де жиі еске салып тұратыны белгілі. Оның ойдағыдай жүзеге асатынына куә болатын күндер алыс емес деп сенгіміз келеді.
Қалалық сәулеттік кеңесте айтылған тағы бір мәселе ол көп қабатты автотұрақтардың эскиздік жобалары еді. Бұдан бөлек жиында «High Vill» және «Feb Group» құрылыс компаниялары өздерінің жобаларын таныстырды. Қала әкімі өз сөзінде «Бүгінде Шымкент қаласы жаңа леппен, жаңа қарқынмен дамуда. Қаланың сәулеті архитекторларға тікелей байланысты. Кез келген құрылыс нысанының қазығы қағылмас бұрын кеңес мүшелерінің барлығы оның «жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген» жоба болғанына бір кісідей атсалысуы қажет. Себебі, біз тарихи кезеңді бастан өткерудеміз. Шымкент – мегаполис деген атқа сай болуда лайықты қызмет ету баршамыздың парызымыз. Сәулеттік-көркемдік шешімдерді нақтылау барысында қателіктер жібермеуіміз керек. Қаланың қасбетін көркейтуде кәсіби көзқарастарыңызды айтып отырғандарыңыз абзал» деді.
Сөз соңында қалалық сәулеттік кеңес құрамында Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетшілер, суретшілер, мүсіншілер, тиісті басқарма басшылары мен құзырлы мекемелердің жауапты мамандары енгізілгенін айта кетейік.

С. НҰРАЙ.